Атырауда қайықтарына 1 тоннаға жуық бекірені тиеп алған жанбайлық браконьерлер ұсталды
Қызыл балықтың қызығын көре алмады! Тәртіп сақшылары оларды Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде жүргізілген рейд барысында қуып жүріп, қолға түсіріпті.
Автор: Жанар Низамутдинова
06.11.2017
Жанбай ауылының 26 және 24 жас аралығындағы 4 тұрғыны мінген қайық бағалы балықтарға толы екен. Жалпы саны 300-ден астам бекірелердің барлығының іші жарылған. Бірақ тексеріс кезінде уылдырық табылмапты. Браконьерлердің ауына бекіренің «қарындаш» деп аталатын түрі түскен. Әдетте, құнды балықтың бұл түрі әлі ұрық шашу үшін жетіліп үлгермепті. Дегенмен, уылдырықтың болған-болмағанын мамандар тексеріп жатыр. Тәркіленген балықтардың жалпы салмағы 800 келіден астам. Қара базарда бекіренің бір келісінің 3500-4000 теңге тұратынын ескерсек, табиғатқа келген шығын 3 миллион 500 мың теңгеге жуықтайды. Қазір ұсталған балықшылардың барлығы да қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ал тәркіленген «қарындаштар» Жайық-Атырау балық өсіру зауытына берілмек. Одан кейінгі тағдыры сот шешімі шыққан соң белгілі болмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!