Жемқор шенеуніктер еліміздің әлемдік рейтингіне кесірін тигізді
Пара алып ұсталған лауазымды шенеуніктер мен жемқор аудиторлар еліміздің әлемдік рейтингіне де кесірін тигізген. Қаржы министрі қазір Қазақстанның дүние жүзі мемлекеттері арасындағы бәсекеге қабілеттілгі төмендегенін мәлімдеді. Оған жемқорлық дауына іліккендер себеп. Сондай-ақ, бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Ұлттық банктің кемшілігі де айтылды. Депутаттар валюталық бақылау қызметін бас банктен алып, Үкіметке қайтаруын талап етті.
Автор: Жәудір Оразхан
06.11.2017
Омархан Өксікбаев Үкімет Ұлттық банктің құзырындағы валюталық бақылауды шұғыл Қаржы министрлігіне қайтаруға міндетті дейді. Өйткені, бас банк бұл қызметті толық атқара алмай отыр екен. Қазір еліміздің дебиторлық қарызы 5 миллиард доллардан асып кеткен. Яғни, бұл сыртқа кеткен ақша. Оның жартысынан көбінің қайтару мерзімі өтіп те барады. Ал Президент жан-жақтан инвесторлар шақырып, елге қаржы тарту үшін күш салып жатса, біз қолда бар ақшаны далаға шашып жатырмыз, - дейді халық қалаулылары.
Омархан Өксікбаев, Мәжіліс депутаты:
-Біз бүгінгі таңда валюталық бақылауды Ұлттық банктің өзіне беріп қойдық. Ұлттық банк осы валюталық операциялардың операторы. Ол өзі осы бүкіл жұмыстардың бәрінің ішінде отырған, қатысып отырған, және соны реттеп отыратын орган. Ал енді бақылауды да соған бердік. Бұрын Үкімет өзі атқаратын бұл фукцияны.
Яғни, қазір Ұлттық банк валюталық операцияларды жүзеге асырады да, кейін өзін-өзі қадағалайды. Бұрын валютаға жауапты болған Қаржы министрі қазір жемқор аудиторлармен алысып жүр. Қазақстанның әлем елдері арасындағы бәсекеге қабілеттілік бойынша рейтингі төмендеп кетіпті. Бақыт Сұлтанов оған парамен ұсталған лауазымды шенеуніктер мен жемқор аудиторлардың күрт көбеюі әсер етті дейді. Әсіресе, құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуға қатысты жемқорлық өршіп тұр екен.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
-Өкінішке орай, бүгінгі күні сатып алу жүйесінде мына құрылыс жағында біраз проблемалар қалып отыр. Оны өйткені көріп отырмыз тендер өткізген кезде бір мердігер екінші мердігерге жазады. Біз оны тексеруіміз мәжбүрміз. Сондықтан осындай жұмыстар жемқорлық туындайды.
Яғни, көбіне аудитор өзі тексеріп келген мемлекеттік мекеменің басшысымен тікелей байланыста болған соң, өзара келіседі. Нақтырақ айтқанда аудитор ауызбастырық алып, анықталған заңбұзушылыққа көз жұма қарайды. 9 айда мемлекеттік аудиттің 6 қызметкері ескерту алған, бір маман жұмыстан қуылыпты. Ал аймақтардағы департаменттердің 15 басшысына сөгіс жариялаған. Енді Үкімет жемқор аудиторлармен күресу үшін заңға өзгеріс енгізбек. Шенеуніктер жаңа құжатты жазып аяқтап қалыпты. Депутаттар аудиторлар мемлекеттік тендерді тексергенде ақшаны ғана емес, жеңіске жеткен компанияның жұмысшылармен қарым-қатынасын да тексерсін деді.
Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты:
-Мердігерлер білім нысандарын салып жатқан, ауыз су, мектеп, денсаулық, жол жөндеуді салып жатқан мердігерлер көп жағдайда жұмысшылармен еңбек шартын жасаспайды. Бұған ешкім де бақылау жүргізбейді. Осы ішкі аудит органдарынан қадағалау бола ма
Өйткені, аймақтар мен үлкен қалаларда қаншама жұмысшы жалақсын ала алмай жылап жүр. Бірақ, Сұлтанов құрылысшылардың құқығын қорғау Қаржы министрлігінің міндеті емес деді.
-Жалпы, биыл аудиторлар қазынаның 1 жарым триллион теңгесінің қалай жұмсалғанын тексеріп, жартысынан заңбұзушылық анықтаған. Депутаттар сонда да аудиторлардың жұмыс істеу әдісіне көңілі толмай отыр. Мемлекеттік мекеме қаржыны жұмсап болған соң, оны тексеруден түк пайда жоқ дейді мәжілісмендер. Сараптама жасап жатқан ешкім жоқ. Яғни, заңбұзушылықтың алдын алу мүмкін емес. Сондықтан жылда бюджеттің миллиардтары тиімсіз игеріліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!