Коммуналшылардың басы дауға қалды
Алматыда жүргізушіні екі аяғынан айырған апатқа қатысты сот жалғасуда. Бүгін онда жол-көлік оқиғасына себеп болған -люкке жауапты «Алматы тазалық» мекемесінің басшылары шақырылды. Сөйтсек, олар өз араларында люктің неден сынғанын анықтауға мүлдем тырыспапты. Тіпті, кінәләрін жуып-шайғылары келсе керек, сол күні-ақ сынған темірдің орнына жаңасын қойып, сынған қақпақты қоқыс полигонына лақтыра салған.
07.11.2017
«Алматы тазалық» мекемесінің басшылары бүгінгі күнді соттан бастады. Өйткені, Екатерина Парафиеваның қос аяғынан айырылуына бірден-бір себеп Әл-Фараби даңғылындағы сынған люк. Ал, бұлар сол жолдағы құдық беттерін қадағалауға міндетті. Десе де, коммуналшылар өздеріне шаң жуытар емес. Айтуларынша, апат болған күні көшені түгелдей тексеріп шыққан. Әрі сынған люкті көрмепті. Оқиға болғаннан кейін де, бұлар люктің неден сынғанын анықтауға тырыспапты.
Ғани Мырзаханов, «Алматы тазалық» МКК басшысы:
- Неге сынғанын анықтамайсыз ба сонда? Жоқ бізге керегі жоқ оның. Бізде техникалық спецификация бойынша жазылған, егер решетка жоқ болса біз оны ауыстыру ғана жазылған. Неге жоқ, ұрланып кетті ма, жоқ басқа жағдайда орын алды ма ода біздің неміз жоқ.
Сынған темірді сол күні қалпына келтірген қызметкерлер, артынша оны қоқыс полигонына лақтыра салған. Сондықтан, қазір негізгі айғақ жоқ болып отыр. Бүгін «Алматы тазалықтың» басшылары тек куәгер ретінде қатысты. Бірақ, мұнымен іс бітті деген сөз емес. Өйткені, сынған люкке қатысты бөлек қылмыстық іс қозғалған. Ал, қазір сотта айыпталып жатқан автобус жүргізушісі. Естеріңізге салсақ, жәбірленуші Екатерина Парафиева тізгіндеген көлік маусымда ашық люкке түсіп, дөңгелегі жарылған. Ал, ол жол ортасына тоқтаған бетте, автобуспен басқа Toyota соқтығысқан. Сөйтіп, сол жеңіл көлік тоқтап тұрған машинаға барып ұрылыпты. Олардың ортасында екі келіншек қысылып қалған. Олар ауыр жарақат алды. Тіпті, Екатеринаның екі аяғын кесуге тура келді. Ал, тергеу бойынша осы іске кінәлілердің бірі деп танылған автобус жүргізушісі кінәсін мойындар емес.
Дәурен Жаңабаев, айыпталушы:
- Мен жасаған жоқпын. Мен тіке кете берудің амалын ойладым. Мен өйткені Саина көшесіне дейін баруым керек болды.
Белгілі болғандай, айыпталушы сол күні автобусымен мектеп оқушыларын қыдыртып әкеле жатқан. Алайда, бала тасымалдауға арнайы рұқсаты болмапты. Әрі еш жерде тіркелмей, заңсыз жұмыс істеп келгенін де өзі айтып берді. Осылайша, сотта айыпталушы мен коммуналшылардың өзге де былықтары әшкереленіп жатыр. Енді айыпталушының кінәсі дәлелденсе бас бостандығынан айырылып қана қоймай, 20 миллион теңге өтемақы төлеуі керек. Парафиева өмір бойына мүгедек болып қалғаны үшін моральдық шығын ретінде осынша қаржы талап еткен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!