Бишімбаев параны "Ақсәуле" деген құпия сөз арқылы алып отырған
Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты жаңа дерек! Экс-министрдің сыбайластары пара алу үшін «Ақсәуле» деген құпия сөзді қолданған. Бүгін сотта Бишімбаев бастаған 22 адамға айыптау қорытындысы оқылды. Онда шатылып жатқандардың ауызбастырық алып, бюджет ақшасын қалай ұрлағаны бүге-шүгесіне дейін қамтылған.
Автор: Досжан Маратұлы
07.11.2017
Сәуле Сыдықова, мемлекеттік айыптаушы:
-Бишімбаев өзінің және бауыры Нұрлыбектің қылмысын жасыру үшін өте мұқият жұмыс істеген. Яғни, сақтық үшін «Ақсауле» дейтін лақап ат ойлап тапқан. Осы құпия сөзді естіген соң ғана Бишімбаевтың сыбайластары пара беріп немесе алумен айналысқан.
Яғни, Бишімбаев «Ақсәуле» жасырын сөзі арқылы алған ауызбастырығын екінші деңгейлі банктердің біріне салып, заңдастырмақ болыпты. Ол сома 350 миллион теңгеден астам. Әрі экс-мининстр Қызылордадағы шыны зауытының құрылысына бөлінген 1 миллиард 200 миллион теңгені жалған фирмалар арқылы ұрлады деп айыпталып жатыр. Мәліметтерге қарағанда, жымысқы ойын іске асыру үшін Бишімбаев қол астындағыларды тартып, қылмыстық топ құрған. Ал, бауыры Сұлтан Нұрлыбек ағасының нұсқауы бойынша пара алумен ғана айналысқаны белгілі. Жалпы прокурор экс-министрден бөлек, сот алдында жауап беріп жатқан тағы 22 адамның да айыптау қорытындысын оқуы тиіс. Олардың 20-сы кінәларын мойындаған. Бишімбаев болса, бүгін сотта оқылған айыптар түсініксіз деп, қылмысқа қатысы жоғын тағы айтты. Ал, оның адвокаттары прокурордың әділдігіне күмән келтіріп, соттан оны ауыстыруды сұраған.
Сәлімжан Мусин, Қ.Бишімбаевтың адвокаты:
-Бұл қылмыстық іске прокурордың мүлдем қатысы жоқ. Қалай мемлекеттік айыптаушы болып тағайындалғанын білмейміз. Біздің ойымызша ол Бишімбаевты қалай болса да түрмеге жабуға ниеттенген секілді. Сондықтан, прокурорды ауыстыруды сұраймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!