Министрлер офшордағы шоттарына қатысты ақталуды бастады
Атышулы Халықаралық журналистер консорциумы күні кеше ғана «Жұмақ құжаттары» деген атпен салықтан жалтарған атақты саясаткерлердің тізімін жариялаған болатын. Бермуд аралдарында шот ашқандардың арасында қазақстандықтар да аз емес. Тізімді анау-мынау емес, білдей Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов пен мүйізі қарағайдай «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясының төрағасы Сауат Мыңбаев бастап тұр. Елден жырақта компания ашып, бизнесін дөңгелеткендер бұл мәлідемеден кейін еңбек демалысын алса, енді бірі мүлде жұмысқа келмей қалды.
Автор: Аруна Ортай
07.11.2017
Ағылшын ақсүйектерінен қалыспай, офшорда шот ашқандардың бірі Бейбіт Атамқұлов. /2:57/ Министр анау-мынау емес, Мальтада бизнес дөңгелеткен. Бүгінге дейін тірі жан білмей келген бұл мәліметтің төрткүл дүниеге мәлім болғаны Бейбіт Бәкірұлына бірден ұнамай қалды.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
-Рас, 98-ші жылы компаниям болған. Бірақ, ол компаниядан 2006-жылы шығып кеткенмін.Соған қарағанда, ол құжат жүзінде тіркелмей қалса керек. Ол мәселені енді өзім қолға алып айналысамын. Заңгерлердің көмегіне жүгінемін. Енді әр адамның өмірінде ондай-ондай болады ғой. Қол қойып, ұмытып кету деген. Қазір сіздерден естіп есіме түсіп отыр.
Билікке келерде ол бизнестен бас тарттым деген Атамқұлов бұл жайлы арада он жыл өткен соң тілшілерден бір-ақ естіп отырғанын айтып ақталды. Бірақ, бір қызығы сол-компания директорларының бірі министрдің інісі- Ерлан Атамқұлов болған. Ағайындылар жүзім өсіріп, шарап сатумен айналысқан екен. Шетелдегі бизнеспен қатар «Қазақстантеміржолын» да басқарған інісі жайлы тіс жармағанымен, Атамқұлов есесіне басқа ескі серіктестерін есіне түсірді.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
-Мен кеше оны іздей бастадым. Біреуі сол Сербияда шынымен өзі сол шараппен айналысады екен. Я могу и фамилию назвать его Абрамко... Бранко Узечевич деген. Енді ол кезде 98-ші жылы ешкіміміз мемлекеттік, Үкіметінде болған жоқпыз. Ол кезде кәсіпкер болдық. Тығылатын, біреуден қорқатын ешқандай менің нем жоқ!
Шетелде шоты бар қазақстандықтардың тізімін Сауат Мыңбаев бастап тұр. «Қазмұнайгаз» компаниясы төрағасы 2006 жылдың өзінде 3 миллиард доллар капитал жинаған екен. «Жұмақ құжаттарын» жария еткен журналистердің мәліметінше, Мыңбаев Меридиан Капитал компаниясының қожайыны, әрі шетелде нағыз шонжардың өзі екен. Тек аралдарда ғана емес, Африка, Азия, Еуропа, АҚШ, Австралияда үлкен бизнес-империялары бар Мыңбаев өзіне жақсы таныс газ, мұнайдан бөлек, бұл елдерде тамақ өнеркәсібі мен жылжымайтын мүлікпен айналысқан депті құжаттарда.
Тіпті, Аляскаға дейін көмірсутегі кенорны төрағаға тиесілі екен. «Жұмақ құжаттарында» нағыз жұмақтың иесі болып шыққан төрағадан жауап алу мүмкін болмады. «Қазмұнайгаз» басшысы жұмыста болмай шықты. Ал Мыңбаевтың миллиардер ме деген сауалды естіген «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорының төрағасы Өмірзақ Шүкеев тіпті журналистерден безіп кетті.
-Что? Я не в курсе это! Я не в курсе!
Ал, офшорда шоты бар боп шыққан шенеуніктер дереу қимылдай бастаған. Мәселен, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов еңбек демалыс алып, Мальтаға барып қайтпақшы. Кезінде жүзім өсіріп, шарап сатқан бизнесмен шетелдегі компаниясын өзі барып жаппақ. Осылай деп жұртты тыныштандырған министр басқа жасырғаным жоқ деп тағы халыққа басу айтты.
Шенеуніктермен бірге офшорда шоты бар қазақстандықтардың ішінде қашқын банкир де жүр. Мұхтар Әблязов 2007-ші жылы Кайман аралдарына ақша құйып жүріпті. Елінен пайдасын жасырғандардың аты-жөні жазылған «Жұмақ құжаттарының» ішінде бұлардан басқа да қазақстандық бизнесмендер аз емес екен. Ал олардың ісімен құзырлы органдар айналыса ма, жоқ па әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!