Тікелей эфир: Елімізде дизель отынының тапшылығы әлі де ушығуы мүмкін
Өйткені Павлодардағы мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары тағы біраз созылатын түрі бар. Осы кәсіпорындағы маңызды істі тыңғылықты атқара алмаған бас директор бүгін жұмыстан қуылып тынды. Шухрат Данбайды «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының директорлар кеңесі қызметінен босатқан. Бірақ бір директордың жұмыстан қуылуы мәселені түпкілікті шеше алмасы анық.
Автор: Досжан Маратұлы
08.11.2017
-Толығырақ қазір бізбен тікелей байланысқа шыққан астаналық әріптесімнен сұрап білейік. Қайырлы күн Досжан! Зауыт директорының жұмыстан босатылуына нақты не себеп айтылды?
Қайырлы күн Мәдина! Шухрат Данбайдың қызметінен қуылуына мұнай өңдейтін зауыттағы жөндеу жұмыстарының тым созылып кетуі себеп.
Негізі Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қыркүйек айында жоспарлы түрде жөндеуге жабылған зауыттың 1-ші қарашада қайта іске қосылатынын бұған дейін талай рет айтқан. Бірақ, жаңа қондырғыларды орнату ісін созбалаңға салып, министр өтірікші болып қалды. Бозымбаевтың осылай шамына тиген директор да креслосында ұзақ отыра алған жоқ. Енді оның қызметін орынбасары Оспанбек Әлсеитов атқармақ. Жаңғыртуы жыр болған кәсіпорындағы жұмысты аяқтау соған жүктеліп отыр.
-Ал, зауыттағы жұмыстар кешігіп жатқан соң, жанармай тапшылығы одан бетер ушығып кетуі мүмкін бе?
Иә, мұндай қауіп бар. Оның үстіне жұмыстардың созылғанын қойып, зауытта дизель отынын өндіруге қажетті қондырғылардың бірі сынып қалған. Енді оны жөндеу желтоқсанның ортасына дейін созылмақ.
Сондықтан, айына 150 мың тонна солярка өндірген зауыт енді өндірісті 25 мың тоннаға дейін азайтуға мәжбүр. Сәйкесінше, елімізде дизель тапшылығы одан бетер ушығуы мүмкін. Қазірдің өзінде Семей мен Батыс Қазақстан жұрты отынның бұл түрін таппай, сенделіп жүргені белгілі.
- Түсінікті Досжан. Енді зауыт қашан іске қосылуы мүмкін? Мерзімі айтылды ма?
Әзірге зауыттың толық іске қашан қосылатыны белгісіз. Бірақ, екі күннен соң жаңа қондырғылар сынақтан өткізіледі. Егер барлығы жақсы болса, кәсіпорын жоғары октанды жанармай өндіруді бірден бастауы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!