Алматы облысында мектеп мұғалімін жабылып өлтіргендер жеңіл жазамен құтылғалы тұр
36 жастағы Бақытжан Батыршаевты бес бірдей жігіт тепкілеп, соның кесірінен ұстаз есін жимастан ауруханада жан тапсырған. Төбелес бастан-аяқ көшедегі бақылау камерасына түсіп қалыпты. Бірақ соған қарамастан дене шынықтыру пәні мұғалімінің өліміне себепкер бесеудің тек біреуі күдікті ретінде сотқа тартылып жатыр. Ал қалғандары жай бұзақы ретінде жауап беруде. Мұнымен келіспеген марқұмның туыстары баптың бұрмаланбай, қарапайым мұғалімге қастаңдық қылғандардың түгел заңды жазаларын алуын сұрап отыр.
Автор: Аруна Ортай
08.11.2017
25 жасында жесір атанған Толғанай Омарова күйеуіне өз танысының қастандық қылғанын айтады. Түнделетіп үйге баса көктеп кірген бесеу мектеп мұғалімін қоярда-қоймай сыртқа шығарған. «Сөйлесеміз» деп сылтауратқанымен, қаскөйлердің сол кезде-ақ ниеттері басқа болған екен.
Толғанай Омарова, марқұмның жесірі:
-Қолдарында кішкентай емес, мынадай 30 см, ұстайтын жері-15 см пышақ алып, әдейілеп келген Бақытжанды өлтіру мақсатында.
Сол кеткеннен Бақытжан Батыршаев ауруханадан бір-ақ шыққан. Бірақ, дене жарақатттарының көптігінен мұғалімнің өмірін құтқару мүмкін болмапты. Соққының қатты болғаны сонша, спортпен шұғылданып жүрген жігіт ес жимастан кеткен. Ал оқиғаның өзі көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Таспада көрініп тұрғандай, ұстазды үйінен ертіп кеткен бесеу оны соңынан қуалап жүріп ұрған. Мұғалім ерегіске ермей, бұзақылардан кетуге талпынғаны да көрініп тұр. Бірақ әлгілер оның соңына түсіп, арам пиғылдарын аяғына дейін жеткізген көрінеді. Бастан тиген тепкіден талып түскен жігітті олар жолдың шетіне тастап, артынша тайып тұрған. Бірақ, көп ұзамай бесеуі де тұтқындалды. Тергеушілер марқұмның басында тірі болғанын ескеріп, қаскөйлерге «Кісі өліміне соқтырған дене жарақаттарын салды» деген айып тағыпты. Бертін келе ол бап та тек біреуіне ғана қолданып, қалғандары бұзақы ретінде сотқа тартылмақ.
Толғанай Омарова, марқұмның жесірі:
-Сіздің күйеуіңіз тура сол жерде өліп қалған жоқ. Сол себепті, 106-шы баппен қараймыз деген. Осы тергеу біткенше 106-шы баппен қарап келе жатты да, аяғында мына үшеуін «Бұзақылыққа» түсіріп тастады. Мен оған келіспеймін. «Адам өлтіру» бабы, 99-шы баппен қарауын сұраймын.
Бірақ, таспада көрінгендей марқұмды бәрі бірдей жабылып ұрған. Сорақысы сол, мұғалімді ұрып өлтірді деген күдіктілердің бесіншісі тіпті аяқасты куәгерге айналып кетіпті. Қайғыдан қан жылаған жесірі күйеуін келісіп өлтіргендер шартты жазамен құтылып кете ме деп күдіктіп, соттан бапты өзгертуді сұрап отыр. Ал соққыдан көз жұмған ұстаздың соңында екі баласы қалды. Үлкені бес жаста болса, кенжесі әлі екіге де толмапты
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!