{metadescription}
Алматы облысының әкімі Баталовты алдап соққан шенеуніктер полигонды әлі жаппаған
Алматы облысының әкімі Баталовты алдап соққан шенеуніктер полигонды әлі жаппаған

Алматы облысының әкімі Баталовты алдап соққан шенеуніктер полигонды әлі жаппаған

Әкім алдындағы көзбояушылық! Алматы облысында жүздеген тұрғын ат шаптырым аумақты алып жатқан қоқыс полигонын әлі жаптыра алмай жүр. 10 жылға созылған мәселеге жазда облыс әкімі Баталовтың өзі араласқан. Сөйтіп, оны 1 ай ішінде жабу туралы бұйрық берген еді. Кейін шенділер полигон тазартылып жатыр деп жарияға жар салды.

Бірақ, басында қимылдаған аудандық атқамінерлер артынша облыс әкімінің тапсырмасын жерге тастаған. Сол кезде орнатылған темір қоршаулар көп ұзамай қиратылып, онда тонналаған қоқыс қайта төгіле бастапты. Ал, оның зардабын сол баяғы тұрғындар тартуда.

Бұл тұрғындар қоқыс иісіне тұншығып біткен. Олардың бет-аузын қымтап, есік-терезесін аша алмай жүргеніне осымен 10 жыл. Жазда жұрттың мұңы Амандық Баталовқа жетіп, мәселеге әкімнің өзі араласты. Облыс басшысы мұнда арнайы келіп, жағдайды өз көзімен көрген. Сөйтіп, бірден қол астындағыларға тапсырма берген-ді.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

- Мына қоқыс алаңының көзін тез арада жою керек. Атқарылар жұмыс ауқымды, десек те барлық жұмыстарды бір айдың көлемінде аяқтауларыңыз қажет.

Осыдан кейін Қарасай ауданының шенділері іске білек сыбана кіріскендей болды. Тіпті, облыс әкімінің ресми сайтына «полигон тазаланып жатыр» деп бақырайтып жазып қойған.  Бірақ, мұның бәрі көзбояушылық болып шықты.

- Атқамінерлердің бұйрығымен полигонға шлагбаум мен мынадай ескерту қағаздары орнатылған. Бірақ, 1 ай өтпей жатып қоқыс тиеген жүк көліктері қаладан мұнда ағылуын қайта бастапты. Ал, орнатылған темірді оп-оңай бұзып алған. Сондықтан, қоқыс алаңы жабылудың орнына, күн өткен сайын аумағы кеңейе түсуде.

Тіпті, кейбір қоршаулар сол кезде-ақ қирандыға айналған. Оны жөндеп жатқан ешкім жоқ. Әкімнің сөзінен кейін полигонға құм да төгілген. Бірақ, ол үйінді күйінде әлі тұр. Ушыққан мәселеге облыс басшысы араласқанда, мұндағы қоқыс азабын тартқан халық қатты қуанған еді. Тек онысы көпке созыла қоймады.

Серғали Жұманов, Ұмтыл ауылының тұрғыны:

- Көзбояушылық. Ана жақтағы шлагбаумды да жұлып тастапты.

Яғни, кім араласса да, полигон дауы шешімін таппай тұр. Мұндағы  жағдай еш өзгеріссіз. Тіпті, ашынған халық қоқысты әкімдіктің өзі де осында төктіреді деп өкпелі.  Ұзын-сонар қоқыс алаңының иісі жан-жақтағы бірнеше ауылға тарайды. Тұрғын үйлерге кеміргіштер де қаптап, әбден әбігерге салған.

Жайлау Райымбекова, Ұмтыл ауылының тұрғыны:

- Тауықтарымыздың бәрін қырып жатыр. Дәу-дәу тышқандар үйіміздің ішіне дейін кіріп жатыр.

Шынар Әбдіхайым, Ұмтыл ауылының тұрғыны:

- Жел тұрғанда иіс келгенде енді адам шыдамсыз, бронхит болып біттік, ауру болып біттік.

Ал, Қарасай ауданындағы шенділер қоқысты әлдебір жеке тұлғалар тасуда деп отыр. Бірақ, олардың кім екенін анықтамаған. Тіпті, әлі де «жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, полигон жабылған» деп бет бақтырмады. Соған қарағанда, мұнда біраздан бері бас сұқпаған сыңайлы.

Алмасбек Әшімбай, Қарасай ауданы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Күл-қоқыс жинау мүлдем тоқтатылды. Күл-қоқыстың қазір 90 пайызы уже тазартылды десек болады.

Тұрғындар тұрмыстық қалдықтар тиелген көліктерді аумаққа кіргізбеу үшін күзетші қойылса дейді. Тек әкімдікте мұндай жұмысшы алуға қаржы жоқ екен. Сондықтан, қолқаны қапқан иіске шыдаудан басқа амал болмай тұр. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде