25 мың теңге үшін 7 жылға сотталды
Ақтауда сотталғандарды бопсалаған түрме басшыларына қатысты үкім шықты. Жазасын өтеушілердің жанын қоймай ақшалай да, тауарлай да пара алғандар енді өздері солардың жанына барды.
Автор: Аруна Ортай
09.11.2017
Түрмеде отырғандардан пара бопсалаған орынбасар 7 жылға солардың жанына аттанып қана қоймай, бар тапқаны тәркіленіп, одан бөлек өмірбақи мемлекеттік қызметте істеу мүмкіндігінен де жұрдай болды. Әріптестерінен қалыспай түрмеден пайда тапқан тағы бір орынбасар Қуатбеков болса, қайта оңай құтылды. Түрмедегілерден теледидар алды делінген оған сот 3 миллион 329 мың теңге айыппұл салып, дүние-мүлкін ғана тәркіледі. ГМ 172/6 түзеу мекемесі тойымсыз басшыларының арқасында бірнеше ай бұрын күллі жұртқа танылған. Мекеме басшысы Ержан Тілеулиев пен оның екі бірдей орынбасары Қуатбеков, Қалдыбаев және бөлім бастығы Бақтияр Айнақұловтар жемқор деген күдікпен ұсталып, артынша төртеуі де абақтыдан бір-ақ шыққан-ды. Түрме бастығы ноутбук алды деп айыпталса, ал орынбасарлары теледидар мен 25 мың теңгеге, ал бөлім бастығы 70 мың теңге пайда көрді делінген. Ал мұның есесіне олар жазасын өтеушілерге жайлы өмір уәде етіпті.
Мәлік Кенжеәлиев, Ақтау қалалық сотының төрағасы:
-Қалған екі адамға байланысты басқа судья қарап жатыр. Ол да осы ҚК 366-шы бабы 3-бөлігі 1-тармағымен сол ГМ 172-де бастығы Тілеулиевке қатысты және оның орынбасары Қалдыбаевқа қатысты қылмыстық іс қаралуда. Әлі біткен жоқ әлі, қазіргі тағңда тек екі қылмыстық істің шешімі табылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!