{metadescription}
Тіл үйіретін тәттілер енді түсіңізге енуі мүмкін
Тіл үйіретін тәттілер енді түсіңізге енуі мүмкін

Тіл үйіретін тәттілер енді түсіңізге енуі мүмкін

Елімізде кондитерлік өнімдер қымбаттап, бағасы аспандап кетті. Мәселен, печенье мен пряниктер құны шамамен 8-9 пайызға, карамель-конфеттер 11-13 пайызға өскен. Бағаның бұлайша шарықтауын отандық өнім өндірушілердің өзі  толықтай түсіндіріп бере алмай отыр. Себебі, олардың айтқан дерегімен нарықтағы баға сәйкес келмейді.

Кондитерлік өнімдердің нарықтағы құнын саралаған сарапшылар, тәттілердің бағасы әдеттегіден кемі 10 пайызға жоғарылағанын айтады. Қазан айындағы көрсеткіш бойынша, карамельдің жеміс-жидек түрінің бір келісі шамамен 638 теңге екен. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда  12,5 пайызға қымбаттағанын көрсетеді. Алайда, ешкім үстеме қоспады деген кондитерлер қауымдастығы, кінәратты өзгеден іздеуге тырысты.

Әлихан Талғатбек, Қазақстан кондитерлер қауымдастығының президенті:

-Негізінде барлығы қымбаттап жатыр. Бірақ, мен барлық жетекші компанияның өкілдерімен  сөйлестім. Бағаны ешқайсысы өсірмепті. Бәлкім, импорт өнімдердің қымбаттауымен байланысты шығар. Себебі, бағаны ортақ есеппен шығарады ғой.Әсіресе мұны ресейлік өнімдерге қатысты айта аламын.

Биыл бағамен қатар өндірушілердің қарқыны  артқан. Компаниялар 88 мың тонна конфет түрлері мен 75 мың тоннаға жуық печенье шығарыпты. Алайда, қымбатшылыққа қатысымыз жоқ деген компания өкілдері, кей жағдайда бағаны көтеруге мәжбүр екендерін мойындайды.

Зәуреш Төлеубаева, «Рахат» АҚ экономика және қаржы жөніндегі директоры:

-Келешекте электр қуаты, су, жылу тарифтері шарықтап жатса, сондай-ақ, ұлттық валютамыз әлсіреп жатса, әрине бағаны көтеруге мәжбүр болатын шығармыз. 

-Ұзын-сонар кезекке қарап, тұтынушылардың тәттіге деген құмары толастамағын көреміз. Алайда, отандық кондитер өнімін өндіршілердің айтуынша, қазір ішкі сұраныс азайыпты. Тұтынушылардың көбі карамель сынды арзан конфеттер сатып алуға көшкен. Бірақ, сыртқа экспорттау арқылы ойсыраған табыстың орнын толтырған. Ал, Қазақстан ТМД елдерімен қатар Қытай, Моңғолия жəне Германияға өз өнімін тасымалдайды. Дегенмен, ішкі тұтыну нарығының 50 пайызы импорттан тұрса, оның 80 пайызы ресейлік команияларға тиесілі.

Жығылғанға жұдырық дегендей, жақында Ресей Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге бұдан былай сырттан қант сатып алуға тыйым салу керектігін айтқан. Бірақ, отандық өндірушілер шетелден әкелетін қантқа жеңілдіктер тоқтайтын болса, теріскейдегі көршімізге тәуелді боламыз деп дабыл қаққан-ды. Тартыс әлі де жүріп жатыр. Егер Ресейдің талабы орындалса шарықтаған баға тұрмақ, құрдымға кетуіміз ғажап емес дейді мамандар. Себебі, кондитерлік өнімдердің 50 пайызы қанттан тұратынын ескеруіміз қажет.  

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде