Шымкентте елуге жуық құрылысшы сот орындаушыларымен жаға жыртысып жүр
Оған себеп олардың сот шешімін орындамай отырғаны екен! Яғни, 3 жылдан бері 4 айдың жалақысын ала алмай сабылып жүрген «ЮгСтрой Инжиниринг» компаниясының бұрынғы жұмысшылары сот сөзінің далаға кеткені ме деп налиды. 2014 жылы су тазалайтын зертхана салып, бірақ сол еңбегі үшін көк тиын да алмаған олар, былтыр маңдай тер ақысын даулап, сотта жеңіп шыққан болатын. Алайда бір жылға жуық уақыт өтсе де, жеке сот орындаушылары өз міндетін атқармапты. Бүгін осыған ызаланған жұмысшылар солардың кеңсесіне баса-көктеп кірді.
Автор: Бек Әбиев
09.11.2017
Бұл топ – құрылыс жұмыстарын жүргізіп жол және көпір салумен айналысатын компанияның бұрынғы жұмысшылары. Арасында жасы бар, жасамысы бар, тіпті 80-ге таяған ақсақалдар да осында. Соңғы мәрте 2014 жылы су тазалайтын зертхана құрылысын салған құрылысшыларға 4 айдың жалақысы берілмепті. 3 жылдай нәпақасын даулағандарға былтыр сот соңғы тиынына дейін төленсін деген шешім шығарған. Бірақ сот орындаушылары да түк бітіре алмай келеді.
- 2 айда істеп ақшаларыңды әперем деген сот орындаушысы. Қағазын алды. Сонда сонша уақыттан бері бір-ақ рет шақырып, түсініктеме алған. Басқа ештеме істемеген.
Алайда ашу шақырған жұрт өздері іздеген сот орындаушысын орнынан таппады. Жалпы 50-ге жуық құрылысшы сот пен сот орындаушыларынан бөлек полиция, прокуратура, еңбек инспекциясы мен мемлекеттік кіріс басқармасына дейін арыз жазған. Бәрі «ЮгСтройИнжиниринг» басшылары кінәлі дегенімен 3 жыл бойы қолданылған шара жоқ. Ал компанияның қаржылық құжаттарын тексерген аудитор онда былық көп деп отыр.
Жаңабай Тұрсынбеков, аудитор:
-Банкіден ақша алады. Жұмсайды. Қалғанының есебі жоқ. 86 миллион бар, 81 миллион бар, сонан 41 де 800 мың бар. Бұл кісілерді уақтысында алдап-сулап бір аванс бірдеңе беріп қитұрқы тірлік жасағанда балам ол. Оны өзі де мойындайды. Сөйтеді да, мен енді қайтем дейді. Әй, сондай адам бола ма, шырағым.
47 жұмысшыға 16 миллион теңгеге жуық берешегі бар аталған компания басшылары, әкелі-балалы Бұланбаевтардың өз жұмысшыларынан қашып жүргеніне бір жыл болыпты. Үйінен табу мүмкін емес. Ал телефоны үнемі өшірулі басшыны жұрт ұстаса түтіп жейміз деп ашулы. Өйткені жұмысшылардың өзгеге берешегі алашағынан көп.
Қайрат Данабеков, жұмысшы:
- Үш несием бар. Оны төлей алмай отырмыз. Уақытында төлей алмаймыз. Ақшаң болмаса несін төлейсің. Қарыздан қарызға батып жатырмыз.
Жұрттың қарызын өндіріп беруі тиіс жеке сот орындаушысы Орынбай Сембиевтің тілшілермен де кездескісі жоқ. Дегенмен, телефонмен сөйлескенде «ЮгСтройИнжиниринг» басшыларын тексеріп, оларға тиесілі ешқандай дүние-мүлік таппағанын айтты. Яғни әкелі-балалы Бұланбаевтарда көк тиын да қалмапты-мыс.
-Жұмысшылар кезінде шалқып жүрген басшыларының аяқасты бар дүниесінен айрылғанына сенбейді. Бұланбаевтардың түлкі бұлғаңға салып отырғанына сенімді құрылысшылар оларға қылмыстық іс қозғалсын дейді. Бірақ Шымкент шенділерінің әлгі компанияға тісі батпайтынына көзі жеткен жұрт енді Бас прокуратураға арызданбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!