Оқыс жағдайдағы құтқарушылардың олқылығы қандай?
Алматылық Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері «Қыс-2017» оқу-жаттығуын атүсті өткізіп, асығыс аяқтады. Тіптен, жылу орталығында болған жаттығуда жауапты басшылардың өзі өткізілген шараның мазмұнынан бейхабар болып шықты.
Автор: Асқарбек Қазанғап
10.11.2017
-Қазір бізбен әріптесім Асқарбек Қазанғап тікелей байланыста. Асқарбек, жаттығудың өту барысы туралы толығырақ айтып кетсең.
-Қайырлы күн, Мадина! Алматының Жылу электр орталығында бүгін таңда төтенше жағдайлар департаментінен бастап, жедел-жәрдем мен полиция өкілдері тайлы-тұйығы қалмай жиналды.
Сценарий бойынша қылышын сүйреткен қыс жақындағанда қаланың негізгі қазандығы істен шыққан. Себелеген жаңбырдың астында жиналғандар қауіпті аймақты оқшаулауға жұмылдырылған. Бірақ, бір қызығы тілшілерді апаруы тиіс болған төтенше жағдайлар департаментінің көлігі оқиға орнына 15 минут кешігіп жетті. Ал осы 15 минут ішінде жаттығуды аяқтап тастадық деген құтқарушылар тарауға асықты.
Олардың жарық жылдамдығымен қалайша тапсырманы тез орындағаны өздеріне ғана аян болар. Бірақ, БАҚ өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған шараның олардың қатысуынсыз өткенін жөнді түсіндіре де алмады. Тіптен, Орталық жылу орталығындағы жауапты басшылар оқу-жаттығудың не туралы екенінен де хабарсыз. Есеп беру үшін сұхбатқа шыққан маман не айтарын білмей мүдірді.
Сатыбалды Ембердиев, ЖЭО-1 электротехникалық зертхананың бастығы:
-Мені басында шақырған жоқ. Жаңа келдім мен. Сондықтан да мен басында айта алмаймын. Қалай айтамын мен. Білмейсіз бе не болып жатқанын? Бас жағында мені шақырғанда басталып кеткен ғой. Не қалай, сондай жағдай болған ғой.
Аттай қалап шақырған тілшілерден, қандай себептермен екені белгісіз, құтылғанша асықты. Аумақта аялдатпай, тіптен шақырмағандарын айтып кетуімізді өтінді.
Шала ұйымдастырылған шараның тігісін жатқызу үшін Төтенше жағдай департаменті өздері түсірген бейнематериалды берді. Оқу-жаттығудағы құтқарушылардың сылбыр жүрісіне қарағанда, жаттығудың маңыздылығын түсінбей жайбасарлыққа салынғандай. Әйтсе де департамент пікірінше шара жоғары деңгейде өтіпті-мыс. Яғни, құтқарушылар өз біліктіліктерін көрсеткенін айтып баспасөз хабарламасын таратты. Бірақ, оған өздерінен басқа куә болған ешкім жоқ. «Қыс-2017» оқу-жаттығуының жай-күйі осындай болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!