Назарбаев пен Путин келеді дегенді естіген петропавлдық шенеуніктер бірден әзірлікке кірісті
Алдағы жылы күзде шекаралас елдердің форумын қабылдайтын петропавлдықтар Ресей президенті мен оған ере келетін өзге де мәртебелі меймандарды 4 миллиардқа жуық теңгенің ғимаратында күтпек. Саяси шара дәл осындай қаржыға тұрғызылатын Оқушылар сарайында өтеді деп жоспарланған. Қазір Қызылжарда бұл маңызды ғимараттың тек іргетасы ғана қаланыпты. Ал форумға негізделген өзге нысандардың құрылысы қызып жатыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
10.11.2017
Бейресми деректерге сүйенсек, шекаралас елдердің форумы Петропавлда былтыр өтуі тиіс еді. Алайда шаһар оған дайын болмай, маңызды шара Елорда өткен болатын. Осы жолы екі мемлекет басшыларының кездесуін Қызылжарда өткізуге қазынадан бөлінген миллиардтар да, уақыт та жетуі тиіс деп шешіпті шенділер.
-Дәл мына жерде тура бір жылдан соң үш қабатты оқушылар сарайы бой көтеруі тиіс. Форум сол ғимаратта өтеді деп жоспарланған. Әзірге оның тек іргетасы ғана тұр. Алайда шенеуніктердің айтуынша, маңызды құрылыс жоспарланған уақытта аяқталуы тиіс.
Тек осы оқушылар сарайына республикалық бюджеттен 3 миллиард 800 миллион теңге бөлініпті. Ғимараттың нобайын сызған елордалық фирма үш қабатты ғимаратқа соншама қаржы керек деп есептеген. Оны салатын мердігер Қызылжар өңірінен табылмай, Астанадан аттай қалап алдырылыпты.
Роман Усатов, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Екі Президенттің арқасында қаламыз көркейіп қалатын болды ғой. Әйтпесе мына жерде ұсқынсыз үйлер тағы елу жыл тұрар ма еді. Қазір бүкіл көше құрылыс алаңына айналып кетті. Бірақ алдағы жылы керемет ықшамаудан болатын шығар. Көреміз.
Екі жарым ғасырдан аса тарихы бар қаланың кіре берісі бұрын жартылай жерге кіріп кеткен ескі үйлерден көз ашпаушы еді. Қазір олардың дені сүріліп, кей жерлерде құрылыс басталып та кеткен. Жалпы, шенділер 500 нысанды жермен жексен етуге 1 миллиард 700 миллион теңге бөлген. Олардың орнына 11 көпқабатты үй , мың орынға шақталған теннис орталығы мен өзге де әлеуметтік нысандар тұрғызылмақ.
Қайрат Мұстафин, СҚО құрылыс және сәулет басқармасы басшысының орынбасары:
- Жоспарланған ғимараттардың құрылысы алдағы жылдың қыркүйегіне дейін аяқталуы тиіс. Одан өзге бұл жерде 900 орынға шақталған мектеп пен тағы бірнеше көпқабатты үй тұрғызылатын болады. Олардың алдағы жылы тек қаңқасы ғана көтерілмек. Сонымен қатар, мұнда «Жас өркен» деп аталатын жаңа ықшамаудан пайда болады.
Президенттер кортежі келіп кіретін орталық көшенің де ені кеңейтіліп жатыр. Оның бойын жағалай жаңа шамдар орнатылуда. Сондай ақ, шаһарда Путиннің аяғы тиеді ау деген 11 көшеге де, жаз бойы дамыл болған жоқ. Сөйтіп, келесі жылы күзде мәртебелі меймандарды күтетін Петропавлды сол форум бір жарылқайтын болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!