Алматыда құтқарушылардың қысқа дайындығы дауға ұласты
Құтқарушылардың олқылығы. Алматылық Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері «Қыс-2017» оқу-жаттығуын атүсті өткізіп, асығыс аяқтады. Тіптен, Электр жылу орталығында болған жаттығуда жауапты басшылардың өзі өткізілген жаттығудың қандай шара екенінен бейхабар болып шықты. Оған қоса өздері шақырған тілшілерден келмей жатып құтылуға асықты.
Автор: Асқарбек Қазанғап
10.11.2017
-Орталық жылу орталығында оқыс жағдай. Қылышын сүйреткен қыс жақындағанда қаланың негізгі қазандығы істен шықты. Апаттың салдарын жою үшін себелеген жаңбырдың астында таңмен таласа тұрған төтенше жағдай қызметкерлері тайлы-тұяғы қалмай осында жиналды.
Қысқа қамдануды осы сценарий бойынша пысықтамақ болғандардың бүгінгі әрекеті БАҚ өкілдерін қайран қалдырды. Тілшілерді апаруы тиіс болған төтенше жағдайлар департаментінің көлігі оқиға орнына 15 минут кешігіп жетті. Ал осы 15 минут ішінде жаттығуды аяқтап тастадық деген құтқарушылар тарауға асықты. Олардың жарыққа тән жылдамдықпен қалайша тапсырманы тез орындағаны өздеріне ғана аян болар. Бірақ, журналистерге арнайы ұйымдастырылған шараның олардың қатысуынсыз өткенін жөнді түсіндіре де алмады. Тіптен, Электр жылу орталығындағы жауапты басшылар оқу-жаттығудың не туралы екенінен де хабарсыз. Есеп беру үшін сұхбатқа беруге шыққан маман не айтарын білмей мүдірді.
Сатыбалды Ембердиев, ЖЭО-1 электротехникалық зертхананың бастығы:
-Мені басында шақырған жоқ. Жаңа келдім мен. Бас жағында мені шақырғанда басталып кеткен ғой.
Аттай қалап шақырған тілшілерден, қандай себептермен екені белгісіз, құтылғанша асықты. Аумақта аялдатпай, тіптен шақырмағандарын айтып кетуімізді өтінді.
-Неге асығып жатырсыздар?-
- Енді бітті .
-Біздер сіздерді шақырмадық.
Шала ұйымдастырылған шараның тігісін жатқызу үшін Төтенше жағдай департаменті өздері түсірген бейнематериалды берді. Оқу-жаттығудағы құтқарушылардың сылбыр жүрісіне қарағанда, жаттығудың маңыздылығын түсінбей жайбасарлыққа салынғандай. Әйтсе де департамент пікірінше шара жоғары деңгейде өтіпті-мыс. Яғни, құтқарушылар өз біліктіліктерін көрсеткенін айтып баспасөз хабарламасын таратты. Бірақ, оған өздерінен басқа куә болған ешкім жоқ.
Жалпы бұл Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті өткізген тырнақша ішіндегі жаттығудың алғашқысы емес. Дәл осы мекеме осыдан бір ай бұрын да оқу-жаттығу жұмыстарын өткіземіз деп ақпарат құралдары алдында масқара болған-ды. Ол кезде қазақша ұғатын маманның табылмауы көпшілік көңілінде күдік пен құтқарушыларға деген сенімсіздік ұялатқан еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!