«Байбектен келдім»: Елдің күлкісіне қалған Алматы әкімінің сөзінен кәсіпкерлер ақша істеуге кірісті
Әкімнің тегін иемденген ас мәзірі! Алматы дәмханаларында 500 теңгеге «Байбек ланчқа» тапсырыс беріп, тоя тамақ жеп қайтасыз. Қала әкімі Бауыржан Байбектің Астанадағы әйгілі мәлімдемесінен соң ғаламтор беті небір әзіл-қалжыңға толып кетті. Тіпті, жымиысы жылы сүйікті әкімін ұятқа қалдырғысы келмеген кейбір мейрамхана қожайындары ас-ауқаттың бағасын түсіріп, Байбекке қолдау білдіріп те жатыр. Алайда, жолақы құнының өзі 150 теңге екенін айтқан қараша халық, әкімнің жұмақ Алматысын іздеп әлек.
Автор: Мақсат Мәліков
10.11.2017
Аңдамай сөйлеп ағат кетті ме, әлде түпкі ойы басқа болды ма, әйтеуір бұл мәлімдемеден әкімнің қала өмірімен қаншалықты ете таныстығына көз жеткіздік. Себебі, аузынан ақ май ақпаса да, айлығын шайлығына әрең жеткізіп жүрген қарапайым халық, Байбектің мұндай деректі қайдан алғанына таң қалысты.
-500 теңгеге сенбеймін мен. Әкім айтса да, сенбеймін.
Алматылықтар сенбегенімен қоймай әзіл аралас мынадай коллаждарды ғаламторға бірінен соң бірі жариялап жатыр. Ал, әкімін ұятқа қалдырғысы келмеген кейбір дәмхана қожайындары, Байбекке қызу қолдау білдіруде. Мәселен, «Байбектен келдім» деген құпия сөз айтсаңыз, сізге 500 теңгеге шақталған «Байбек ланч» дайындап береді.
Айна Досмахамбетқызы, мейрамхана PR-директоры:
-Интернетте барлығы жағымсыз мэмдар жазып жатыр. Велосипедпен мейрамханадан шығып бара жатып, 500 теңге тастадым ғой. Енді беделін түсіретін мэмдар пайда болды. Неге біз оны қайта қолдайтын жақсы мэм жасамаймыз?! Оның шынымен қалаға жасаған жасылықтары бастан асып жатыр.
Әкімнің мәлімдесін оң жамбасына пайдаланған кәсіпкерлер, бір күннің ішінде кәдімгідей клиент тартып, қалтасын қампитып қалғаны жасырын емес. Бірақ, қалалық дәмханалардың ас мәзіріне енген «Байбек ланчтың» ғұмыры қаншаға созылатынын ешкім айтып бере алмады. Кеше Астанада нық сөйлеген Алматының әкімі қала мейрамханаларынан 500 теңгеге тоя тамақ ішуге болады деп елді күлкіге қарық қылған-ды.
Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:
-500 теңгеге қай жерден ішуге болады?
- Тексеріңіз. Бізде өте дөнерлер бар. Қымбат емес. Өте көп кафелер бар. Осындай қымбат емес жерлер бар. Әрине, оның ішіне ішімдік кірмейтін шығар. Солай ғой. Жәй ғана бір тамақ.
Біздің артымыздағы ғимаратта Алматы қаласының әкімдігі орналасқан. «Болашақтан» түлеп ұшқан жас әкім дәл қазір тұрғындарға тағы бір тосын сый әзірлеп жатыр ма, әлде жұмыс уақыты аяқталып, 500 теңгелік кешкі ас ішуге кетті ме, о жағы бізге белгісіз. Бір анығы, бүгін дәмхана иелері жомарттық танытып, 500 теңгеге ас бергенімен, бәрібір 550 теңге төлейсіз. Себебі, 10 пайыздық қызмет құнын қосуға міндеттісіз. Сондықтан, Алматы көз жасыңа сенбейді деген тұрғындар, әкімнің сөзіне тіптен иланар емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!