Алматыда шұжық цехының 400-ге жуық жұмысшысы бір жарым жылдан бері тиісті жалақыларын ала алмай жүр
«Изобилие» фирмасы олардың айлықтарын қайтармақ түгілі, еңбек кітапшаларын қайтармай сергелдеңге салып қойған. Мекеме директоры «Жетісу» әлеуметтік корпорациясынан кезінде 700 млн теңге қарыз алып, қайтара алмай істі болған еді. Оның зардабын енді жұмысшылары тартып отыр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
13.11.2017
Қиюы қашып, бір орында ұршықша иірілген мәселенің шешімін таппауы бұл адамдарды әбден титықтатып біткен. Осыдан бір жарым жыл бұрын нәпәқасын тапқан цехтың алдына қайтадан жиналды. Осы уақыт аралығында айлық түгілі, еңбек кітапшаларын ала алмай, екі қолға бір күрек таппай табандары тозған.
Баян Ерімбетова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Жұмысқа кірмей тұра тұрыңдар, қайтып аламыз. Осы жақта жүрген компенсацияларыңыз төленеді. Жұмыс іздемей-ақ қойыңыз дегенге жүрдік біраз. Еңбек кітапшамызды ала алмай жүрміз.
Жан бағудың жолын таппай жүнжігендердің қақпаған есігі жоқ. Арыз да жазды, сотқа да барды. «Изобилие» фирмасы әлі күнге құжат жүзінде қызмет істеп тұр. Егер оны банкрот деп жарияласа, маңдай теріміз төгілген еңбегіміздің өтеуі қайтар еді деген үміттері бар.
Жайылхан Нұрманов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Маған 400 мыңдай қарыз ау деймін. Балам істеген оған 600 мыңдай қарыз. Құжат біздің қолымызда тұр. Кімге қанша қарыз екені сонда жазылған.
Кезінде күніне 40 тонна ет өңдеген өндіріс ошағын қазір өзгелер жалдап отыр. Ісін өрге бастырам деп «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан 700 млн теңге алған экс-директор Александр Зырянов сол қазырзы қайтара алмай, артынша темір торға тоғытылған. Гүлденген жұмыс осылайша күлге айналды.
-Аты бар да, заты жоқ «Изобилие» фирмасының өкілдері ізім-ғайым жоғалған. Оларды табу, байланысу мүмкін болмай тұр. Тауы шағылған жұмысшылар фирманы банкрот жариялаған жағдайда ғана, түйіткілдің түйіні тарқайтынына сенеді. Ендігі бар үміттері қара қылды қақ жарар деген сотта.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!