Іссапарға 5 миллион теңге бөлуді талап еткен басшылар сотта жауап беріп жатыр
Автор: Асыл Махмет
13.11.2017
Бүгін Алматыда «ҚазАвиаҚұтқару» және «ҚазАвиаОрманҚорғау» мекемелерінің экс-басшыларына қатысты сотта куәгерлер тыңдала бастады.
Мемлекеттік айыптаушы ҚазАвиаҚұтқаруды басқарған Мәлік Досымбеков Өскеменге іссапарды сылтау етіп мекемеден 5 миллион теңге жымқыруға әрекеттенгенін айтты. Бұны есепші де растап отыр. Мұндай мақсатта көп болса 185 мың теңгеден артық төленбеуі керек екен. Ал Досымбеков қомақты қаржыны оның шотына аударып, бірақ сомманы есеп-қисапта көрсетпеу туралы бұйрық берген. Алайда, бухгалтер қылмыстық әрекетке барудан бас тартыпты. Сотта екінші экс шенеунік Төлеуғазы Сейсенбаевтың ісі бойынша да куәгерлер тыңдалды. Ол «ҚазАвиаОрманҚорғауды» басқарып тұрғанда өз үйінің аула сыпырушысын өртсөндіруші -десентшы деп мекемеге тіркеп қойып, жалақыны мемлекет есебінен төлеп отырған. Куәгерлер Резянцев деген қызметкердің құжат жүзінде болғанын айғақтап отыр. Бірақ ол ешқашан жұмысқа келмеген. Бүгінгі сотта да төбе көрсетпеді. Мекен -жайы жоқ Резянцевтің қайда жүргенін ешкім білмейді. Естеріңізге сала кетейін, студеттік шақтан дос болған қос басшы құзырлы оргнанның құрығына да бірге түскен. Сейсенбаев пен Досымбеков жазда 100 мың доллар пара алып жатқан жерінен ұсталды. Оларға қомақты қаржыны Қытай компаниясынан тікұшақарды алу туралы келісім шартқа қол қою үшін төлеген. Күдіктілер 28 әуе техникасын құжат жүзінде сатып алып, қыруар ақшаны қалтаға баспақ болған көрінеді. Бұл іс бойынша келесі тыңдалым 20 қарашаға белгіленген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!