Алматы облысының салықшылары ірі кәсіпкерлерді аяқтан шалып, пайдаға кенелуді жолға қойған
Бизнестері тұралап қалған 2 әйел бүгін мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлерін осылай айыптады. Айтуларынша, алдымен оларға негізсіз жала жабылып, қылмыстық іс қозғалған. Артынша салықшылар қалталы әйелдердің мәселелерін шешу үшін қыруар қаржы сұрапты. Тіпті, облыс прокурорының орынбасарына дейін 200 мың доллар пара талап етті дейді олар. Бұған дәлел ретінде аудиожазбалары бар екен.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
13.11.2017
Бұл экономикалық қылмыс үшін айыпталып жатқан кәсіпкерлер. Қос әйелге «орындалмаған жұмысқа шот-фактура жазды» деген кінә тағылған. Өздері мұны жала деп есептейді. Әрі өтірік қылмыстық іс қозғау арқылы облыстық мемлекеттік кіріс департаментіне қарасты экономикалық тергеу қызметіндегілердің мол пайдаға кенелуді көздегеніне сенімді.
Екатерина Ким, кәсіпкер:
-Бұл жерде заң өрескел бұзылуда. Тергеушілер ешкімнен жауап алмайды. Көзбе-көз беттестіру өткізбейді. Істің мән-жайын анықтаған ешкім жоқ. Бар мақсаттары қалайда мені кінәлі қылып шығару.
Ал, істі жабу үшін қомақты көлемде ақша сұрапты. Сүттен ақ, судан тазамыз деген кәсіпкерлер тергеушілерді қойып, облыстық прокурордың орынбасарына дейін 200 мың доллар талап еткенін айтады. Ал, оның бұл тілегін жеткізген делдалдардың сөзін таспаға жазып алыпты.
Бірақ, кәсіпкерлер бармақ басты, көз қыстыдан бас тартыпты. Әрі болған жағдайды айтып, Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроға шағымданған. Қазір, экономикалық тергеу қызметі мамандарының өздеріне қатысты тергеу жүріп жатыр екен. Дегенмен, салықшылар бұл аудиожазбалардың жалған болуы мүмкін екенін айтты. Ал, әйелдер заңсыз құжаттарға қатысты өз істерін тексеруді басқа органға ауыстыруды сұрайды.
Айдын Раев, Алматы облысы прокуратурасының №1 басқарма бастығы:
- Ким азаматшаның арызы бойынша қылмыстық іс қазір сұратылған болатын. Қылмыстық іспен танысқаннан кейін, уәждері толық зерттеліп, оған міндетті түрде жауап беріледі.
Ал құзырлы орындардың сұрағанын бермеген соң, іс сағызша созылып кетті дейді қос кәсіпкер. Соның кесірінен, ортақ бизнестерін де, яғни отандық өндірушілердің тауарын сатқан дүкендерін жабуға мәжбүр болыпты.
-Осылайша, дүкендегі 60 қызметкер де бір сәтте жұмыссыз қалған. Олар , тіпті, соңғы айлықтарын да алмапты. Өйткені, істі болып жатқан кәсіпкерлердің шоттары жабылған. Әбден тығырыққа тірелген олар енді мәселеге Бас прокурордың өзі араласса дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!