Депутаттар «Туристік Қамқорға» тағы шүйлікті
Қазақстанда туристердің қауіпсіздігін толық қамтамасыз ететін заңды тетік табылмай тұр. Бүгін депутаттар осыдан бір жыл бұрын Үкіметтің нұсқауымен құрылған «Туристік Қамқордың» жұмысын тағы қатаң сыңға алды. Әр турпакеттен сақтандыру үшін ақша сауып алатын қор, отандастарымызды сыртта қаңғыртпай, қайтарып қана алады дейді депутаттар. Енді бұл сақтандыру туроператордың қалтасына салмақ салып, туристер өз-өзін сақтандыруға көшпек.
Автор: Азамат Алдоңғаров
13.11.2017
-Теңгені еркін саудаға салып, жұмыстан қолы босаған Ұлттық банк, енді халықты сақтандыруға кірісті. Жазда Үкіметте аңдатпасы жасалған туристерді сақтандыру туралы заң жобасы парламентке енді. Онда шетелге шығатын әр азамат өз қауіпсіздігін өз қалтасынан қамтамасыз етсін деген норма бар.
Данияр Ақышев саудаға салған сақтандырудың шыққан елге байланысты бір күні шамамен 1 доллар. Қазақстандық туристер онсыз да сақтандыруға әр пакеттен 1225 теңге төлейді. Ақша алаяқ туроператорлардың оқиғасынан кейін құрылған «Туристік Қамқор» қорына кетеді. Ұлттық банк қор жанынан тағы бір қор ашпақ.
Меруерт Қазбекова, Мәжіліс депутаты:
– «Туристік Қамқор» жұмыстарын істей алмай отыр. Қордың сақтандыруын алмаған туристік компаниялар сол күйі турпакеттер сатып жатыр. Оқыс жағдайда бар жүкті тағы мемлекет көтереді. Ендігі сіздердің ұсынып отырғандарыңыз да проблеманың шешімі емес. Туроператорлардың міндетті сақтандыруына туристердің жеке басын сақтандыруын қосарлап қоймақшысыңдар. Түбінде бар салмақ тур пакет алатын туристке түседі. Түсінуімше Туристік қамқорды қалдырмақшысыздар ғой?
Әкелген заң жобасын қызғыштай қорғаған Ақышевтің орынбасары депутатқа қанша жерден қарсы пікір білдіруге тырысқанмен, теңізде демалудың қыр-сырына қанық халық қалаулылары күрмеулі құжаттың кем тұсын оңай таныды.
Жанат Құрманов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:
- «Туристік қамқор» - жоқ, туристік қамқорға төлемдер сол қалпы төлене береді. Бұл туроператорлардың тасымалдайтын азаматтардың төтенше жағдайда елге қайтуы үшін ынтымақты жауапкершілігі. Ал біздің өзгеріс туристердің сол жақта өмірі мен денсаулығына қауіп төнетін жағдайларды реттейді.
Демек, депутат Қазбекованың қаупі негізсіз емес. Төтенше жағдайда елге қайтуыңыз үшін, жеке мүлкіңіз бен қара басыңыздың қауіпсіздігі үшін деп екі рет қағып түсіретін қаражат онсыз да қымбат турпакеттің бағасына құн қоспақ.
-Ұлттық банктің түзетулерінде қос қолдап қолдайтын да нормалар бар. Мәселен автокөлікке онлайн сақтандыру полисін рәсімдеу. Ондай жағдайда полистің құны да төмендеп, қағаз көшірмесін жол сақшысына көрсетудің да қажеті болмайды. Бірақ туристен сақтандыру үшін ақша алудың жүйесі сақадай сай болса, электронды полис енгізуге уақыт керек, полицейлердің қолына ұстатар гаджеттер керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!