Иран мен Ирак шекарасындағы алапат зілзаладан қаза тапқандардың саны 450 адамға жуықтады
Әсіресе, табиғат апатынан опат болғандардың дені ирандықтар. Ал, екі елден зардап шеккен тұрғындардың саны 7 мыңнан асып кеткен.
Автор: Мақсат Мәлік
14.11.2017
Жер асты дүмпуінен Иранның шекара маңындағы Сарполь-э-Захаб қаласы қатты қираған. Аурухана жермен-жексен болғандықтан, жараланғандарды көрші елді мекенге тасуға тура келген. Апат орындарында толассыз жұмыс істеп жатқан құтқарушылар, қаза тапқандардың қатары артуы мүмкін екенін айтады. Зілзаладан жүректері шайлыққан тұрғындар әлі де үйлеріне оралмаған. Ал, жер сілкінісінен Ирактың Дияла және Сулеймания провинциялары бүлінген. Айта кетейік, өткен дүйсенбіге қараған түні қос елдің шекарасында магнитудасы 7,3 балдық жер асты дүмпуі тіркелген болатын. Толқыны Түркия, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері мен Израильға да жеткен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!