50 миллион теңгені талан-таражға салса да, жазадан құтылды
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бұрынғы басшысына қатысты сот үкімі шықты. Журналистер шақырылмаған сот процесі кезінде Абат Тасымов өзінің кінәсін мойындап, прокурормен процессуалдық келісімге келіпті. Сондықтан да болуы керек, ол жазадан таза құтылған. Қазір атыраулық тілшіміз Жанар Низамутдинова бізбен тікелей байланыста тұр.
Автор: Жанар Низамутдинова
14.11.2017
Абат Тасымовқа Қылмыстық кодекстің екі бабы, яғни «қызметтік өкілдігін теріс пайдалану» және «қызметтік жалғандық жасау» баптары бойынша айып тағылған болатын.
Бірақ ол шынымен де жазадан оңай құтылды. Мемлекеттің миллиондарын оңды-солды таратса да, өзіңіз айтқандай, процесс ашық бола тұра бірде-бір журналисті шақырмаған Атырау соты оған кешіріммен қарапты. Сөйтіп, бар болғаны 600 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 1 миллион 360 мың теңгеден аса айыппұл салды. Бірақ оны да көп көрсе керек, рақымшылыққа іліктіріп, енді сотталушы бұл қаражатты да төлемейтін болды. Алайда қылмыстық жолмен табылған барлық дүние-мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметпен де біржола қош айтысты.
-Қылмысты Абат Тасымовтың жалғыз өзі жасаған ба? Корпорация ішінен сыбайластары анықталды ма?
Бұдан өзге Тасымовтың орынбасары Жанмұрат Есжанов та облыстың тұрақтандыру қоры үшін 15 тонна жарамсыз құс етін алу үшін 8 жарым миллион теңгеге қол қойып, істі болған еді. Бірақ Есжанов сот шешімімен 1 миллион жарым теңгеге жуық айыппұл төлеп, құтылып кетті. Ал, қазір корпорацияның осы іске қатысы бар деген тағы бір топ қызметкерінің де басына бұлт үйіріліп, тергеліп жатыр. Жалпы, естеріңізге сала кетейін, Абат Тасымов 2014-2015 жылдары Атырау облысындағы болашағы бар жобаларға қаржылай қолдау көрсетіп қана қоймай, одан пайда табу үшін қызметін пайдаланған. Нақты айтсақ, тігін цехы мен ет павильонын ашу үшін миллиондар сұрап, алдына келген кәсіпкерлердің беттерін қайтармапты. Олардың қолында қаржыны қайтаруға қажетті кепілдің жоқ екендігін біле тұра, құжаттарға қол қоя берген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!