Нұрлы жол, Нұр әлем, Хан Шатыр. Алматыда осындай атаумен көшелер пайда болды
Алдағы уақытта Алматыда осы тектес көшелер пайда болады. Әкімдік қаладағы 100-ден астам көшенің атауын өзгертеміз деп шешкен. Атқамінерлер тұрғындардың пікірін ескергенін алға тартады. Тіл жанашырлары мен саясаттанушылар болса идеологиялық мәні жоқ атауларды қоюдан аулақ болуымыз керек дейді.
Автор: Асқарбек Қазанғап
14.11.2017
-Қазақ поэзиясында шоқтығы биік Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза әлі, Жұмекен Нәжімеденов, әдебиеттің майталманы Әзілхан Нұршайықов секілді ұлт зиялыларының есімдері енді Алматы көшелерін рухтандырып тұрады. Ономастика комиссиясы шаһардағы 100-ден астам көшенің атауын өзгерту туралы шешім қабылдаған.
Мегаполистегі көп көше Құртқа, Берел, Аягөз, Арыстанбаб секілді атауларға тонын ауыстырады. Тізімге осыған дейін еленбеген, есімі берілмеген қайраткерлер де кірген.
-Алматыда кейбір көшелерге әлі күнге дейін атау да берілмеген. Мәселен, мына біз тұрған жолды тұрғындар алтыншы сызық деп атап кеткен. Ал, бірнеше аптадан кейін мына үйлердің қабырғасында Нұрлы жол көшесі деген тақтайшалар пайда болады.
Тарихта ізі қалған тұлғалар, ұлт зиялыларына көше атауы берілуі заңды. Ал, бірақ Хан шатыр, Нұрлы таң, Нұр Әлем, Нұрлы жол секілді көлденең көк атты атаулардың тізімде болуы тіл жанашырларында түсінбеушілік туғызып отыр.
Дос Көшім, қоғам қайраткері:
-Хан шатыр деген көшенің атауын беруге болатын шығар. Егер сол жерде шынында Хан шатыр тұрса. Міне, осы көше Хан шатырына апарады деп. Әйтпесе, жаңағы Нұр әлем деген сияқты тағы да басқа атаулар, бұлардың бәрінде қандай идеологиялық астар жатқанын түсінбеймін. Шындығында бұл жерде ештеңе жоқ, абстракт есімдер. Бұл неліктен берілгенін келесі ұрпақ тағы да бір 50-60 жылдан кейін ешқайсысы түсінбейтін атау болады да, оны қайта өзгертуге тура келеді.
Жүзден астам көше атауын өзгертуге қанша қаржы шығындалатынын әзірге әкімдік нақты айта алмай отыр. Шаһар билігінен бөлек тұрғындардың да жүгіретін түрі бар. Өйткені, құжаттарды қайтадан жаңалау қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!