Елімізде шала туған балалар саны жыл сайын өсіп барады
Оларды адам қатарына қосуды үйрендік деген дәрігерлер болашақ аналардың өз денсаулығына немқұрайлы қарайтынына қынжылады. Дұрыс тамақтанбаған, медициналық тексеруден уақытында өтпеген әйелдер ай-күнінен жетпей босанып, өздерінің де, нәрестелерінің де денсаулығын қатерге тігетін көрінеді. Шала туған балалардың мәселесі бүгіндері халықаралық деңгейде көтеріліп, 17-ші қарашаға оны атап өтетін күн де белгіленді.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
17.11.2017
Осыдан екі жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облыстық перинаталдық орталығында бес айлық болып туылған Айлинді ата-әжесі алғашында адам болмайтын шығар деп ойлапты. Бүгіндері екіден асқан сәби отбасының көзайымы және еркесі.
Майра Сәду, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Қазір міне денсаулығы жақсы. Шала тусақ та Алла тағалаға шүкір бәрі жақсы.
Дәл осындай мерекені алматылық акушерлер де ұйымдастырды. Арнайы шақырылған аниматорлар балалардың көңілін ауласа, кезінде солардың өмірі үшін күрескен дәрігерлер қатарынан қалмай ойнап жүрген әр сәбиді өздерінің кішігірім ерлігі санайды. Қалалық перинаталдық орталықта туған ең кішкентай сәбидің салмағы 495 грамм болыпты. Қазір мұнда шала туылған 10-нан астам шақалақ жатыр. Осыдан 20 күн бұрын туылған Диярдың салмағы 990 грамм ғана. Қазір арнайы вакумның көмегімен ет жинап, демі мен тамақтануы реттелуде.
Нұргүл Шәмшиева, Алматы қаласының тұрғыны:
-Аман қалды, өмір сүріп келе жатырмыз, өсіп те келе жатырмыз.
-Кювез деп аталатын мына инкубаторда қазір ұл бала жатыр. Салмағы 840 грамм. Туғанына он күн болыпты. Дәрігерлер кювездің бетін көрпемен жауып қояды екен. Ішінде ылғалдылығы да жоғары. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда бала жатырда жатқандай күй кешеді екен.
Бұрын жатырда бес-алты-ақ ай жатқан бала түсік болып саналатын. 2008 жылы еліміз Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының талабы бойынша оларды тірі не өлі туылды деп тіркеуге көшкен. Содан бері ақ халаттылар шала туған нәрестелерді күтіп- баптауды үйрендік дейді.
Наталья Семенова, СҚО перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары:
-Өкінішке қарай, бұрын ондай тәжірибеміз болмады. Алғашқы жылдары шала туған балаларды тірі алып қалу мүмкін емес-тін. Дәрігерлерімізді шетелге оқуға жіберіп, арнайы қондырғылар алғаннан соң, айналасы он шақты жылда аман қалатын шақалақтардың үлес салмағын 60 пайызға жеткіздік.
Қазір әлемде жыл сайын 15 миллионға жуық бала ай-күнінен ерте туылады екен. Ал оларды күтіп-баптауға қажет қондырғылар өте қымбат. Сондай-ақ, балалардың ертең өз қатарын қуып жетуі үшін ата-аналар мен ақ халаттылар тарапынан үлкен қажырлылық керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!