Сауд Арабиясының королі тақтан кетеді
Келесі аптада 81 жастағы Салман Бен Абдель Азиз Аль Саудтың орнына оның ұлы отырмақ. Бұл туралы британ басылымдары жазуда.
17.11.2017
Егер Салман 32 жастағы баласы ханзада Мұхаммед бен Салманды король деп жарияласа билік толықтай соның қолына өтеді. Ал Мұхаммед таққа келмей жатып-ақ елдегі жемқорлармен күресті бастады. Екі апта бұрын ол қырыққа жуық ханзада мен бірнеше министрді қамап тастаған. Сондай-ақ болашақ король билікке қолы жетсе Сауд Арабиясының басты қарсыласы Иранмен арада әскери қақтығыстар да басталып кетуі мүмкін деген болжамдар бар. Себебі, Мұхаммед Иран қолдап отырған Ливан жеріндегі «Хезболла» ұйымын жоюға бар күшін жұмсайды. Сауд Арабиясының королі отставкаға кетеді деген сыбыс өткен аптада да айтылған. Бірақ ол кезде арабтардың жоғары лауазымды шенеуніктері бұл ақпаратты жоққа шығарды. Олар 81 жастағы корольдің денсаулығы жақсы және ол орнын босатуға асығып отырған жоқ деген. Көзі тірісінде сауд монархтарының тақты ізбасарына қалдыру жағдайы соңғы рет 60-шы жылдардың басында болған. Туыстарының қысымына шыдамаған король Сауд Ибн Абдул-Азиз билікті інісі ханзада Фейсалаға берген еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!