Еліміздегі жетімдер үйлерінде бала көп болғанымен, оларды отбасына алу қиын
Тіпті, 7 жыл бойы қисапсыз құжат жинап шаршаған ерлі-зайыптылар бар. Ал, 5 мыңнан аса тастанды отбасында тәрбиеленуді армандап жүр. Жетімді бауырға басу үшін не істеу керек? Оның тиімді жолы Алматыда өткен «бала отбасында өмір сүруі керек» ата-аналар мен тәлімгерлер форумында айтылды.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
20.11.2017
Бұл - жетім балалардың ашық мәліметтер базасы. Ішінде отбасында өмір сүруді қалайтын 5238 жәутеңкөз туралы ақпарат бар. Оларды бауырына басқысы келіп жүргендер де аз емес. Тек бала асырап алудың машақаты көп. Әлия Құнқабаева бір перзент аламын деп шаршағандардың бірі. Оның бұл арманына қол жеткізе алмай келе жатқанына 7 жыл болыпты.
Әлия Құнқабаева:
- Бір құжат апарсаң дұрыс болмайды. Сөйтіп, жалғасып жаты. 7 жылдың ішінде қанша құжат апардық.
Біреу 7 жылдап бір бала ала алмай жүрсе, 7 жетімге ата-ана болғандар да бар екен. Мәселен, Жанна Ким өзінің 3 баласы бола тұра, мейірімге мұқтаж бүлдіршіндерді асырап алған. Айтуынша, тастандыны отбасына алу үшін заңды жетік білу керек.
Жанна Ким, бала асырап алған ана:
- Сәби асырап алу - жолдасым екеуміздің арманымыз болатын. Соған жету үшін мен заңды оқи бастадым. Қандай мүмкіндік барын іздедім. Негізі, біздің елде бала асырап алу туралы ақпарат аз. Жетімді отбасына алғысы келетін ерлі-зайыптылар қайда барарын, не істерін білмейді.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Алматыда «бала отбасында өмір сүруі керек» форумы өткізілді. Онда тастандыны бала еткен ата-аналар мен тәлімгерлер өз тәжірибесімен бөлісті.
Нәзира Оспанбек, форумның ұйымдастырушысы:
- Тәжірибесін көрсетіп, өздерінің бастарынан өткен оқиғаларымен бөлісіп, және басқа барша бала асырап алушыларға келіңдер, біз көмектесе аламыз және әр бала отбасында өмір сүруі мүмкін деп айтқысы келеді.
Баланы асырап алудан бөлек, оған дос ретінде көмектесуге де болады. Мұндай «Тәлімгерлік» жобасына 21 жастан асқандар қатыса алады. Олар тастандыға жиі көңіл бөліп, адам ретінде қалыптасуына ат салысады. Ата-анасы жоқтарды патронаттық тәрбиеге алуға да болады. Яғни, бала белгілі бір жасқа жеткенше ғана отбасыға беріледі. Ал, оны асырап алу үшін:
-Өтініш; асырап алушының жеке куәлігінің көшірмесі; жақын туыстарының жазбаша келісімі; табыс, отбасы жағдайы және сотталмағаны туралы анықтама қажет. Бұған қоса, тұрғын үйінің бар-жоқтығын растайтын құжат, денсаулық жағдайы туралы анықтама, жұмыс орнынан мінездеме секілді қисапсыз қағаз жинау шарт.
Бөтен балаға ата-ана болудың оңай еместігі белгілі. Жетімді баға алмай, кері әкеліп тастайтындар да баршылық. Асырап алынған бүлдіршіндердің 30 пайызы балалар үйіне қайтып оралады екен. Өйткені, ерлі-зайыптылар бұған о баста психологиялық тұрғыда дайын болмаған. Сондықтан, қазір жетімдер үйлерінің жанынан асырап алушы ата-аналарға арналған мектептер құрылуда. Әрі олар тегін жұмыс істейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!