Мемлекеттік Әнұранымыздың ескі нұсқасы қосылып, спортшыларымыз тағы ұятқа қалды
Бұл жолғы келеңсіздік Ресейдің Сочи қаласында самбодан әлем чемпионы атанған жерлесімізді марапаттау кезінде орын алды.
Автор: Досжан Маратұлы
20.11.2017
Бірақ алтын медаль иеленген ақтөбелік Есет Қуанов бұрынғы әнұран қосылғанда сасқалақтап қалған жоқ. Басын шайқап оны өшіруді өтінген. Залда отырған жерлестеріміз де шу ете қалып, наразылық танытыпты. Осы кезде қателігін түсінген ұйымдастырушылар гимнді бірден сөндіргенімен, жаңасын таба алмады. Сондықтан спортшыларымыз "Менің Қазақстанымды" өздері хормен айтып, көрермендерді сүйсінткен. Келеңсіз жайт үшін Ресейдің Самбо федерациясы елімізден кешірім сұрапты. Дегенмен Спорт министрлігі өз ішінде қызметтік тексерісті де бастап кеткен. Егер ағаттық өзімізден кеткені анықталса, жауаптылар жазаланбақшы.
Раухан Тұғымбаева, ҚР Спорт және дене шынықтыру комитетінің баспасөз хатшысы:
-Ұйымдастыру жағынан үлкен қателік кетті. Осы үшін енді біз федерациялармен жұмыс істеп жатырмыз. Яғни, ұйымдастыру комитетіне қалай гимнді беру керек. Бәлкім бақылап отыратын адам керек шығар солардың қасында. Себебі бұл бір емес, бірнеше жағдай болды гимнмен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!