Биыл жаңа жыл қарсаңында Қызылжарды безендіруге бюджеттен бір тиын да бөлінбейтін болды
Бұл қалалықтар мерекесіз қалады деген сөз емес. Былтырдан қалған шамдар мен ойыншықтар пайдаланып, жетпей жатса әкімдік демеушілерді тартпақ. Есесіне еліміз бойынша ең қымбат шырша Алматыда орнатылмақ. Оңтүстік астананың шенеуніктері биыл желтоқсандағы барлық мерекелерге деп жарты миллиардтан астам ақша бөліпті.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
20.11.2017
Дәлірек айтсақ, 630 миллион теңгеге Алматы әкімдігі 260 шақырымға жететін гирлянда мен 700 мыңға жуық түрлі ойыншық алмақ. Әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұлар алдағы 10-15 жаңа жылды қарсы алуға жетеді екен. Ал Ақтауды безендіруге биыл 14 миллион теңге жұмсалмақ. Былтыр бұл сома алты миллионға артық еді. Талай жыл жаңа жылға бюджеттен бір тиын бөлмеген өскемендіктерден биыл қызылжарлықтар да үлгі алғалы отыр. Облыстық және қалалық әкімдік алдындағы орталық алаңдарды безендіруге былтырғы шырша мен гирляндаларды қолданыңдар депті өңір басшысы. Олар қоймада сол күйі жатыр екен. Осыдан үш жыл бұрын, яғни 2015 жылды қарсы алғанда Петропавлдық шенділер өңірде бұрын соңды қолданылмаған интерактивті шырша сатып алған еді. Кезінде ол қала қазынасына бақандай 24 миллион теңгеге түскен. Салыстыру үшін айтайық, былтыр шаһарды безендіруге небәрі 8 миллион теңге жұмсалыпты. Биыл ол да жоқ. Облыс әкімінің тапсырмасын қалай да орындаймыз деген шенеуніктер тұрғындар мерекесіз қалмайды деп отыр.
Дәурен Зейнуллин , Петропавл қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:
-Биыл қала аумағына үш шырша орнатамыз. Олардың бәрі қоймада бар. Интерактивті шыршаны вокзал маңына, қалған екеуін облыстық және қалалық әкімдік алдындағы алаңдарға қоямыз. Ал мұз қалашықтарына келер болсақ, бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Қазір демеуші іздеп жатырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!