Алматы тұрғыны «Оңай» жүйесіндегі олқылықты тізіп сотқа жүгінді
Жол ақысынан туған дау сотқа жетті. Алматыда «Оңай» жүйесі бойынша және осы картасыз жол жүру құнындағы айырмашылыққа наразы тұрғын қалалық әкімдіктің үстінен сотқа шағым түсірді. Бірақ, екі рет өткен алдын ала тыңдалымға әкімдіктен ешкім келмеді. Арызданушының айтуынша, жолаушылар тасымалында енгізілген дифференциалды тариф азаматтардың конституциялық құқығын бұзып отыр. Яғни, қолыңда «Оңай» картасы болса 80 теңге, ал қолма-қол 150 теңге төлейсің деген қаулы заңға томпақ келіп отыр дейді ол.
Автор: Мақсат Мәлік
20.11.2017
Қалалық әкімдікті сотқа сүйреген Андрей Ушаков, қаулының күшін жоймайынша алған бетімнен қайтпаймын дейді. Оның айтуынша, қоғамдық көліктегі «Оңай» жүйесі арқылы жол ақысының әр түрлі белгіленуі, халықтың құқығын шектеп отырған көрінеді.
Андрей Ушаков, шағымданушы:
-Әкімдіктің дифференциалды тариф жөніндегі қауылысы біздің конституциялық құқығымызды шектейді. Көлік қызметін пайдалану құқығымызды да бұзып отыр. Жеке компанияның атын жамылған монополистер экономикалық қысым күшімен, өздерінің қызметін тықпалап жатыр. 80 теңгемен жүргің келе ме, 400 теңгеге «Оңай» сатып ал деген сияқты.
Қаулының қитұрқы тұстарын тізбелеген Ушаков, қарашаның басында арызданыпты. Алайда, іркес-тіркес екі рет өткен алдын-ала тыңдалымда қалалық әкімдіктен тірі жан төбе көрсетпеді. Ал, сотта аты аталатын үшінші тараптың өкілдері, шағымданушының пайымын негізсіз дейді.
Садир Хамраев, «Алматы көлік холдингі» ЖШС директоры:
-Дифференциалды тариф «Оңай» жүйесі арқылы іске асқандықтан сотқа үшінші тарап ретінде шақырылдық. Бізге қатысты барлық сұраққа жауап бердік. Бірақ, мен сотқа түскен шағымды дұрыс деп есептей қоймаймын. Бәлкім ол өзін көрсетіп қалуға тырысқан шығар.
Екі айдан астам уақыт бұрын қаладағы жолаушылар тасымалында енгізілген дифференциалды тариф көпшіліктің қарсылығын туғызған болатын. Содан бері қолында «Оңай» картасы бар жолушылар 80 теңгеден төлесе, қолма-қол төлем жасайтындар 150 теңге беруге мәжбүр. Осыған наразы тұрғын мен әкімдік арасындағы соттың кезекті отырысы желтоқсанның 4-не белгіленді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!