«Ағайынды төртеу» тобының серкесі сотта қырсығып, судьяның сұрақтарына жауап бермей қойды
Ақтөбеде басталған процессте ол басының ауырып отырғанын сылтауратып, судьяға қанша баласының барын айтудан бас тартты. Дегенмен арбаға таңылған оған тағылған айып ауыр. Қылмыстық топ құрып, мұнай ұрлаумен айналысыпты. Қазір Еркін Ізбасармен бірге 26 адам жауап беріп жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
20.11.2017
- Ақтөбедегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сот ғимараты таңнан бері қоршауға алынған. Мұнда бөгде ешкімді жолатпайды. Дәл осындай қауіпсіздік шарасы бір жыл бұрын қолданылған еді. Ол кезде маусымдағы лаңкестік оқиғаға қатысты сот процесі қаралды.
Бұл жолы да тәртіп сақшылары көшедегі қозғалысты тоқтатты. Ал сот ғимаратына тек жәбірленушілерді, айыпталушылардың адвокаттары мен жақындарын тексеріп кіргізіп жатыр. Ал тілшілер тек арнайы экраннан ғана процессті бақылайды. Судьяның алғашқы сұрағына «Ағайынды төртеудің» серкесі Еркін Ізбасар жауап бергісі келмеді. Басым ауырып отыр деген ол осы күнге дейін өзін жөнді тергемегенін айтты.
-Басым ауырып тұр. Осы уақыт ішінде жауап алмады менен.
Еркін Ізбасардан өзге бұл топтағы тағы бір танымал адам – Рахат Аханов. Ол сыбайласына қарағанда сөзден мүдірмеді. Сот процесінде бұрын атқарған қызметін айтып берді. Қамалғанға дейін білдей Ішкі істер министрлігінде криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары болған. Қылмыстық топ мұнай ұрлаған кезде Ақтөбедегі Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары да болып істеді. Сол тұста олардың қылмысына көз жұма қараған. Айыптаудың өзі бірнеше томнан тұрады. Үш бірдей прокурор кезектесіп оқып жатыр. Содан ұққанымыз – Еркін басқарған топ қару-жарақты еркін сатып алып жүрген. Кәсіпкерлерді қорқытқан. Қара алтын ұрлаған.
Айбек Шоқпаров, Ақтөбе облыстық прокурорының аға көмекшісі:
-Еркін Ізбасар қылмыстық ұйым мүшелерінің барлық әрекетін бақылап отырған. Жаңа мүшелерді өзі тауып алып, оларды қылмыс жасауға баулыған. Қаруды қалай атуға дейін үйреткен. Адам ұрлаған. Заңсыз қару сатып алған. Тәркілеу кезінде қару-жарақ үйінен де, көлігінен де табылды.
Жәбірленушілердің қатарында «Сағыз Петролеум» секілді алпауыт мұнай компаниясы мен геология және жер қойнауын пайдалану комитеті бар. Қарақшылар олардан астыртын қара алтын тасып, кәдесіне жаратқан. Сот алдында жауап беріп жатқан 26 адамның тоғызы қолхатпен бостандықта жүр. Себебі оларға тағылған айып жеңіл. Көбі мұнай тасуға жалданған жүргізушілер екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!