Ақтөбе тұрғыны қызының өлімі үшін құдалары мен күйеу баласын жауапқа тартпақ
Атырауда өзіне қол салған келіншектің күйеуі бала-шағасы барын жасырып келген. 19 жастағы Данара Қайыпты қазақы дәстүрмен алып қашқанда бұрынғы жарынан ажыраспағаны туралы тіс жармапты. Енді марқұмның туыстары қыздарының өліміне құдалары мен күйеу баланы кінәлап отыр. Тіпті Ақтөбеге сүйекті жеткізген жекжаттарының бір уыс топырақ салмай қашып кеткендеріне ашулы.
Автор: Жаңалық Ахаш
20.11.2017
Ақтөбе облысының Тереңсай ауылының тұрғындары қыршын кеткен Данараның өзіне қол салғанына сене алар емес. Себебі, төрт айдан бері қазақы дәстүрмен қашып кеткен қыздың артынан кешірім сұрап құдалар келер деп күткен. Бірақ керсінше Атыраудан қаралы хабар жетті.
19 жастағы Данараны алып қашқан атыраулық жігіт бұрын үйленген. Марқұмның отбасы оның тек Біржан деген атын ғана біледі. Ал бұрынғы жарынан ажыраспай, әйел үстіне әйел алғанын келіншек өлерден бірер күн бұрын біліпті.
Інжу Өтешова, марқұмның анасы:
-Данара жігіттің әкесі хабарласып күйеуің бірінші әйеліне қосылайын деп жатыр депті. Біржан ештеңе демеді ғой десе, мен айтып тұрмын деп зіркілдеген.
Гүлмайра Өтешева, марқұмның нағашы әжесі:
-Қызға отбасым бар деп шындықты айтуы керек еді. Ол балалықпен алданып та қалған шығар.
Данара ауыл шаруашылығы колледжінде грантпен оқып жатқан. Диплом алуына екі-үш ай ғана қалыпты. Ұстаздары оны тәжірбиеден өтуге келер деп күткен. Үздік оқушыларының бұлай көз жұмғанына олар да сене алар емес.
Қалима Қапсамиева, колледж оқытушысы:
- Мінезі салмақты. Көбінесе жымиып күліп тұратын. Өзіңнің берген сұрағыңа жауап беретін оқушы. Ондай мінезін байқамадым. Сабағына үлгеріп келіпжүрді.
Қазір атыраулық тәртіп сақшылары осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғаған. Марқұмды өлімге кім итермелегенін анықтап жатыр. Ал қаралы отбасы болса қыздарын алып қашқан жақтың қылығына да ашулы. Сүйекті ауылына жеткізген жекжаттары жаназасын күтпей, бір уыс топырақ салмастан Атырауға тайыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!