Полицейлер Болат Молдағалиевке жүргізуші куәлігін кім, қалай бергенін тексеріп жатыр?
Ұлттық экономика министрлігіне қарасты мекеменің лауазымды қызметкері Астананың қақ ортасында қымбат көлігімен жас қызды басып өткен еді. Кейін кроссовер тізгіндеген 38 жастағы азамат эпилепсиямен ауырғанын айтып, ақталуға тырысқан.
Автор: Жәудір Оразхан
21.11.2017
Ішкі істер департаментіндегілер «Infiniti» иесінің рөлде отырғанда талмасы ұстағаны рас-өтірігін де тексеруде. Заң бойынша эпилепсиямен ауыратын адамға жүргізуші куәлігі мүлдем берулмеуі тиіс. Ал Болат Молдағалиевті дәрігерлер 17 жыл бұрын диспансерлік тіркеуден алып тастаған екен. Естеріңізге салсақ, Статистика комитетіне қарасты Ақпараттық-есептеу орталығының бөлім басшысы Елордада сауда орталығының алдында көлігімен автотұрақтағы екі темір тұлпарды соғып, жаяу жүргіншілер жолында кетіп бара жатқан үш қызды қағып өткен. Оның бірі дін аман, екіншісі жеңіл жарақаттанды, ал үшіншісі ес-түссіз ауруханаға жеткізілген болатын. Сау сүйегі қалмаған Әсел Рымханова әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Болат Молдағалиевтің өзі де жарақат алдым деп, ауруханаға түскен. Қазір оны дәрігерлер үйіне жіберіпті. Молдағалиевтің жол ережесін бұзғаны бойынша іс қозғалған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!