Ауыл шаруашылығы министрлігі браконьерлерге ауқымды күрес жариялады
Ауыл шаруашылығы министрлігі заңсыз саятшылықты ермек еткендерге қатысты жазаны қатаңдатуды ұсынды. Себебі қолданыстағы заң қаскөйлерге тым жұмсақ. Қайырлы күн, Азамат! Заң күшейсе, саятшылық серіліктен қалып, қылмысқа жатпақ қой?
Автор: Азамат Алдоңғаров
21.11.2017
-Қайырлы күн, Ерланби! Дәл солай. Бүгін үкіметте көтерілген бастама саятшылықты ұнататындардың үрейін ұшырғаны сөзсіз. Ауыл шаруашылығы министрлігі браконьерлермен күресті шындап қолға алған сынды.
Бүгінде Жануарлар дүниесін қорғау туралы заң өзгеріп, бұрын бір басына он қару ұстайтын аңшылардың мылтықтарын төртеуге дейін кемітіп, бір шыққанда бір қолға бес құстан аспайтындай олжа салу сынды өзгерістер қабылданса, енді заң аттағандар түрмеден бірақ шығуы мүмкін.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Құқық қолдану тәжірибесінің сараптамасы заңның браконьерлерге тым жұмсақ екенін көрсетті.
Сондықтан, біріншіден бұл қылмыс бойынша қылмыстық кодекстен шартты жазаны алып тастап, түрмеге қамап жазалауды ұсынамыз. Екіншіден қаскөйлерден тәркіленген қылмыс құралдарын тәркілеп мемлекет меншігіне беруді немесе жоюды ұсынамыз. Үшіншіден браконьерлермен күреске аэротүсірілім жүргізетін дрондарды қолдану керек.
Азамат, ал елімізде балық аулау, аң атудан басқа заңды жұмыс таба алмай жүрген шалғайдағы ел не істейді?
Олардың күні қалай болары шынымен белгісіз. Үкімет браконьерлерге кіріспес бұрын, жұмыссыздардың мәселесін шешіп алуы керек шығар. Бұл басқа министрліктің міндеті болғандықтан, бұл тұста кешенді жұмыс керек.
Браконерлерден басқа тағы не айтылды?
Жалпы Үкіметтің бүгінгі отырысының күнтәртібінде үш сұрақ көтерілді. Бірақ отырыстың өзі жедел жүріп, әдеттегіден ерте аяқталды. Үш сұрақтың бірі тауар экспортына арналды. Инвестициялар және даму министрлігі Қазақстан әлемнің экспорттаушы елдердің 60-ына кіріп, тіпті 52-ші орынды сенімді ұстап тұр деп сан сөйлетті.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
-2017 жылдың тоғыз айында өңделген тауар экспорты 22 пайызға өсіп, 11 млрд АҚШ долларынан асты. Экспортқа шыққан өнімдердің 32 пайызының өңделген тауарлар құрайды. Бұл 2012 жылдық көрсеткішпен салыстырғанда 7 пайызға жоғары.
Әдетте өз саласы бойынша үкіметте есеп берген министрлер соңғы екі жылдың салыстырмалы анализін жасаса, Жеңіс Қасымбек биылды сонау 2012-ге бірақ апарып тіреді.
-Қазақстан Ауғанстан, Біріккен Араб әмірліктері, Иранға мал, құс еттерін сатады. Өсімдік майы мен балымызға қытайлықтар құмар көрінеді. Тіпті ауыр вагон, машина, бас аяғы 800 түрлі тауар 113 мемлекетке сатылатын көрінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!