Атырауға келін болып түскеннен кейін асылып қалған бойжеткеннің өліміне қатысты жаңа дерек шықты
Атырауға келін болып түскеннен кейін асылып қалған ақтөбелік бойжеткеннің өлімі жайында атыраулық прокурорлар түсініктеме берді. Олардың айтуынша, 19 жастағы Данара Қайып болашақ жарымен «Вконтакте» желісі арқылы танысып, Атырауға өз еркімен келген.
Автор: Жанар Низамутдинова
22.11.2017
Абырой Азаматов, Атырау облысы прокурорының аға көмекшісі:
-Күйеуінің айтуына қарағанда, Данара оның бұрын үйленгенін, баласы бар екенін де білген. Жігітке сенсек, ол 2014 жылы алғашқы әйелінің аяғы ауыр болып қалған соң некелескен, бірақ екеуі бірге тұрмаған. Сөйте тұра, заңды түрде ажыраспағаны анықталып отыр.
Кейін екі жас бір-бірімен хат алмасып, ақырында атыраулық азамат Данарамен кездесу үшін Ақтөбеге барыпты. Сөйтіп, үйленбекке уәделескен. Бұлардың азаматтық некеде тұруына екі жақтың ата-анасы қарсы болмаған. Күйеу жігіт прокурорларға түрлі себептерге байланысты қайынжұртына бара алмағанын да айтыпты. Ал қайғылы оқиға болатын күні үйде ешкім болмаған екен. Тек Данара сол күні Оралға садақаға жол жүріп бара жатқан күйеуінен хабарлама арқылы кешірім сұраған көрінеді. Іле-шала оның асылып қалғаны туралы біліпті. Естеріңізге салсақ, Данара Қайып 6 қараша күні күйеуінің үйінде асылып қалған еді. Оның ата-анасы Данара күйеуінің отбасылы екенін біліп қалғаннан кейін осындай қадамға барды деген болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!