{metadescription}
Ұлттық қордағы қаржының  азаюы күдікті көбейтті
Ұлттық қордағы қаржының  азаюы күдікті көбейтті

Ұлттық қордағы қаржының азаюы күдікті көбейтті

Онда сақталған активтер қазанда бірден 7,9 пайызға төмендеп, жалпы көлемі 61 миллиард долларды құраған. Сәйкесінше, халықаралық резервтегі валюта да азая түсті. Бұл қордағы активтер 3 пайызға төмендепті. Осылайша, 88,1 миллиард долларды құрап отыр. Бұл туралы бүгін Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев айтып берді. Есесіне, инфляция деңгейі белгіленген дәлізден аспапты. Төл ақшамыз да қазан мен қарашада аз да болса нығайған. Теңгеге Ұлттық банк жүргізген интервенция оң әсер еткен болуы мүмкін.

Соңғы уақытта валюта нарығында Данияр Ақышев мақтана айтатындай оқиға аз болмаған. Соның ең айтулысы  теңге бағамы. Қазір төл валютамыз тұрақтылықты сақтап тұр.Тіпті, қазанда долларға қатысты 1,9 пайызға нығайыпты. Ал, қарашада Ұлттық ақшамыз тағы 1,3 пайызға қымбаттаған. Оған Бас банк жүргізген интервенция оң әсер еткен болуы әбден мүмкін. Валюталық нарықтағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында қолға алынған мұндай шара өткен айдың басында жасалыпты. Интервенцияның мақсаты да сол: Ұлттық банктегі ақшаны құю арқылы, доллардың курсын реттеп алу. Десе де, Ақышев теңгенің аз да болса нығаюына бұл шараның әсері барын жоққа шығарды.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:

- Ұлттық банк интервенцияны қазанның басында өткізді.Ол кезде төл ақшамызға деген сұраныс аз болды. Қалған уақытта теңге бағамының қалыптасуына Ұлттық банк араласқан емес. Ал, интервенция жалпы сауда-саттық көлемінің 11 пайызын ғана құрады. Яғни, оның соммасы 379,8 миллион доллар болды. Сондықтан, ол бағамның өзгеруіне қатты әсер етпеген. Оның пайдасы қазанның басында ғана сезілді.

Бұған дейін төл ақшамыздың долларға шаққандағы бағамын алыпсатарлардың белгілейтіні туралы айтылған. Яғни, депутаттардың бірі теңге құны қор биржасынан тыс анықталады деп мәлімдеді. Бүгін Ақышев сол биржадан тыс ірі көлемді сауда-саттықты кім жасайтынын да айтты. Биылғы 10 айдағы KASE-ден бөлек сауданың 82 пайызы, яғни 80 миллиард доллары бір ғана операцияға тиесілі екен. Оны шетелдік қаржы ұйымының біздегі еншілес банкі жасайды.

Бұл операцияны сол банк өзінің капиталын валюталық тәуекелден сақтау үшін жасайды. Бүгін Бас банк төрағасы

еліміздегі инфляция деңгейі туралы да айтып өтті. 10 ай ішінде ол 5,4 пайызды құраған.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:

- Инфляция деңгейі біздің болжамдарымызға сәйкес қалыптасып отыр. Қазанда бензин, дизель отыны, көмір және кейбір азық-түлік түрлерінің бағасы өсті. Сөйтіп, өткен айда жылдық инфляция 7,7 пайызға жетті. 2017 жылы ол белгіленген дәлізден, яғни 6-8 пайыздан өспейді деп сенеміз. Ал, келесі жылы деңгейі 5-7 пайыздық диапазоннан аспауы тиіс.

Бұған қоса, бүгін Данияр Ақышев бірінші болып журналистерге дизайны өзгерген 500 теңгелік купюраны таныстырды. Ол бүгіннен бастап  айналымға шықты. Қағаз ақшаның түсі мен өлшемі сол күйі қалған. Ал, бет жағында «Қазақ елі» монументі мен ұшып жүрген көгершіндер пайда болған. Келесі бетіне еліміздің картасы мен Каспий теңізі бейнеленіпті.

Жаңа банкнот латын әліпбиіне көшіп үлгермеген. Яғни, валютадағы сөздер бұрынғыша кириллицамен жазылыпты. Өйткені, бұл купюра қолданысқа бүгін шыққанымен, оны басып шығару жұмыстары 2 жыл бұрын басталған. Ал, ескі 500 теңгелік 2020 жылдың маусымына дейін қолданыста болады. Бірақ, Бас банкир оны белгіленген уақыттан ертерек айналымнан шығады деп болжауда. Бұған қоса, қызметі тоқтаған Дельта Банктің салымшыларын да алаңдамауға шақырды. Яғни, бұл қаржы ұйымында ақшасы барлар зардап шекпейді деп сендіріп отыр. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде