Щучье тұрғындары пәтерлерінде бүрсеңдеп тоңып отыр
Щучьеде ықшамаудан тұрғындары түгелдей жылу беру маусымы басталғалы жаурап отыр. Олардың пәтерлерінде бұлай бүрсең қағуына жергілікті шенеуніктердің әрекеті себеп. Яғни жауапты мекемелер үйлерді осы маусымға дайындамай-ақ, 545 абонетті жылуға қосып жіберген. Өйткені қала басшылары жоғарыға бұл маусымға 100 пайыз дайынбыз деп есеп беріпті. Енді үйлерге жылу дұрыс келмей тұр.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
23.11.2017
«Энергетик» ықшамауданында жылудың жоғы, әсіресе, қарттарға қиын тиіп отыр. Оның үстіне жоқ жылудың төлеміне қоса жылытқыштарға жұмсалатын электр қуаты үшін ақы төлеу керек. Мұнда қазан айының басында жылу берілген. Бірақ тұрғындар содан бері үйде отырып, бойымыз бір жылынып көрген жоқ дейді. Ал бұл жағдайға әкім-қаралар бас ауыртпайды екен.
Людмила Белоусова, Щучье қаласының тұрғыны:
-Бұл ықшамауданды әкім де, бәрі де ұмытқан. Жылу мәселесін айтып, құзырлы орындарға шағым түсіргенмін. Сенесіз бе, сол үшін маған полицейлерді жіберіп, қорқытты. Енді үйде тоңып отырғанымыз аздай, қараңыздар қыс басталғанда көшені қазып, кәріз құбырларын тартып жатыр.
Шынымен де құбыр тартып жатқандар көшелердің астаң-кестеңін шығарған. Тұрғындар мұндағылар жұмысын бітірген соң шашылған күйі тастап кетеді ме деп те алаңдып отыр. Ал мердігер 59 шақырым құбыр тарту үшін асығып жатқанын айтты.
Ерболат Құлынжанов, мердігер компанияның прорабы:
-Қазір мен осы жерге мың адам әкелсем де үлгермеймін. 2018-ші жылдың желтоқсанына дейін үлгеруім керек. Тендер өтіп, құжаттар әзір болғанша осы болды. Жер қатып қалғандықтан, күн жылына топырақ басылып ақаулар шығуы мүмкін. Кеткен кемшіліктерді кейін түзейміз ғой.
Үсті-үстіне қосылып жатқан коммуналдық түйткілден көз ашпаған тұрғындар әлі де әкім-қаралардан көмек күтеді. Бірақ жауапты мекеме өкілдері бұлардың өздерінің үйлері жылу қабылдауға дайын болмаған дейді.
Олег Данилов, «Термо транзит» МКК жылу инспекциясының басшысы:
-Бірде-бір үй дайындық құжатын алған жоқ. Яғни олар жылу маусымына әзір болған жоқ. Жылу жүйелері тазартылмаған.Өлшеуіш құралдары да жоқ. Соған қарамастан, әкімнің нұсқауымен жылуды жібердік. Солай екен деп қоспай қойсақ, мүлдем қатып қалады ғой жұрт.
-545 абоненті бар ықшамауданды жылуға қоспау шынымен мүмкін емес шығар. Дегенмен, оларды жылу маусымына әзірлеуді әкімдіктегі мамандар ұйымдастыруы тиіс. Сол жұмыс жүргізілмеген. Ал әкімнің бүтін бір ауданды аязда қалдыруға дәті бармаса керек. Оның үстіне жылу бермеске амалы да болмаған. Өйткені ол жоғарыдағы басшыларға бұл маусымға 100 пайыз дайынбыз деп есеп беріп қойған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!