Ақышевтің 500 теңгегі бейнелеген көгершіні шағала боп шықты
500 теңге тағы күлкіге қалды! Ұлттық банк күні кеше таныстырған жаңа банкноттағы суреттерді жұрт ұрланған деп шуласуда. Данияр Ақышевтің қағаз ақшадан көгершін деп көрсеткені швейцариялық фотографтың шағаласы болып шыққан. 500 теңгеде пайда болған сауда үйі де көпшілікке ұнамай қалды. Жұрт бұл нысанның Қазақстан үшін тарихи құны жоқ деп отыр. Ал, ақшаны марқая таныстырған Бас банктегілер айтылған сынды «абсурдқа» балады.
Автор: Нүргүл Нұрланқызы
23.11.2017
Ұлттық банк төрағасының жаңа купюраны көпке таныстырғаны кеше ғана. Міне, Данияр Ақышев өзгерген 500 теңгені ұстап, қатты қуанып тұр. Қағаз ақшаның жаңа дизайны туралы да ол өз аузымен айтып берген болатын.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:
- Банкнотта «Қазақ елі» монументі мен ұшып бара жатқан көгершіндер бейнеленген. Келесі бетінде Каспий теңізі мен Қазақстанның картасы бар.
Тек сол 500 теңге бүкіл халықтың қолына тимей жатып, қатаң сынға ұшырады.Даудың басы Ақышев айтқан «көгершін» болып тұр. Ақшадағы бейбітшілік құсы емес, кәдімгі шағала болып шыққан. Оның өзін біздің ақша шығарушылар швейцариялық фотографтан ұрлап алыпты. 500 теңгеден ойып тұрып орын алған суреттің түпнұсқасын ғаламтордан табу да қиын емес. Қыруар қаржы құю арқылы жаңартылған купюрадағы шағалалар мына жігіттің де ашуын туғызыпты.
Кирилл Ковязин, Астана қаласының тұрғыны:
- Көшірме екені анық көрініп тұр. Швейцариялық фотографтың суретін пайдалану арқылы, авторлық құқықты бұзып отыр. Тек біреу емес, 500 теңгедегі тағы 3 құс та өзгеден ұрланған. Оны ғаламтордан алып қоя салғаны сапасынан-ақ байқалады.
Ақшадағы «Мәскеу» сауда үйі де наразылық тудырды. Оның еліміз үшін тарихи құны жоқ дейді жұрт. Әрі банкнот дизайнын осылай өзгерту үшін Ұлттық банктің қанша қаржы жұмсағаны да көпті қызықтырып отыр. Ал, ондағылар айтылған сынға қатысты ештеңе айтпады. Бастысы ақшадағы құс суреттері өздерінің көңілінен шығыпты.
Александр Терентьев, Ұлттық банктің басқарма басшысы:
- Бұл «абсурд» туралы ештеңе дей алмаймын. Оған қатысты ертең түсініктеме береміз. Шағаланы сол кезде талқыларсыздар. Менің ойымша, ақшадағы құстар сүйкімді шыққан.
Бас банк «артық қыламын деп тыртық қылса» да, жаңа ақшаны бар күйінге қабылдаудан басқа амал жоқ сыңайлы. Өйткені, бұл банкнот қолданысқа енді шыққанымен, оны басып шығару жұмыстары 2 жыл бұрын басталған. Яғни, банкнот шығару бір-екі күндік шаруа емес.
- Сондықтан да, «Байбек ланч» сатып алуға болатын жаңа 500 теңге латын қарпіне өткен жоқ. Яғни, мұндағы жазу кириллицада қалған. Ал, осы кезге қолданып келген ескі ақшалар 2020 жылдың маусымына дейін айналымда болады. Одан кейін тек швейцариялық фотографтың шағаласы бар 500 теңгелік қана үстемдік құрмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!