Егіз ұлдарын арақтың буымен өлтіргендер сотта жауап беріп жатыр
Алматыда өз балаларын тұншықтырып, мәйітін тоңазытқышқа тыққан қаскөй ата-ананың соты басталды. Бүгін сол күдіктілер бастапқы жауаптарынан тайқып, судьяға басқаша түсініктеме берді. Яғни, қанішер әке егіздерді өлтіргенін мойындап, бар кінәні өзіне алған. Ал, әйелі Алла Волченконың қылмысқа түк қатысы жоқ деп отыр. Марқұмдардың анасы да ештеңені білмедім деп ақталуда. Сотта өлген ұлдарын еске түсіріп, көзіне жас алған оның бұған дейін ұрлық үшін жауапқа тартылғаны да белгілі болды.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
24.11.2017
Сәлем, Нұргүл! Егіз балалардың көзін жоюға не себеп болған?
Қайырлы күн, Ерланби! Егіздер үлкендердің өміріне кедергі келтірген. Жұмыстан кейін оларға тыныштық бермепті. Әрі ата-анасы өз ұлдарын бағуға артық ақша жұмсағысы келмеген.
Өйткені, күдіктілердің тапқан-таянғаны араққа кеткен. Мемлекеттік айыптаушы солай дейді. Ал, қылмысты жасаған Эмиль Гильмутдиновтың өзі егіздерді арақтың буымен өлтірдім деп отыр.
Адам сенгісіз әрекетке баруына әйелімен арадағы ұрыс та себеп болған көрінеді. Негізі оның о баста марқұм Салауат пен Ринатқа әкелік махаббаты болмаған сыңайлы. Өйткені, сәбилердің көзін жоймас бұрын, балалар үйіне тапсырмақ болған. Тек ешбірі қабылдамапты-мыс. Бар кінәсін мойындаған ол Алла Волченконы ақтап отыр. Яғни, ол қылмыстан бейхабар болған. Ал, бұған дейін, ұлдарды екеуінің келісіммен өлтіргені айтылған болатын.
- Балаларды өлтіру туралы шешім қабылдағанда, миым істемей қалды. Оған қоса, әйеліммен ұрысып қалдым. Арақтың буы тағы бар. Болған жағдайдың жартысы есімде жоқ. Ұлдарды тұншықтырған соң, дірілдей бастадым, өкіндім, не істерімді білмедім.
Волченконың өзі де сүттен ақ, судан тазамын дейді. Яғни, Эмиль Гильмутдиновтың арам пиғылы туралы мүлдем білмепті. Сол күні егіздер қасақана өлтіріліп жатқанда, ол үлкен ұлымен қыдырып жүрген. Дәмхана жағалап, арақтан аузы босамапты. Оны өзі айтып отыр. Сөйтіп, жалдамалы үйге түн ішінде қайтқан әйел сәбилерін іздемепті де.
- Келесі күні егіздерді сұрадым. Ол балалар үйіне тапсырғанын айтты. Мен ашулана бастадым. Кейін Эмиль мені арақ ішуге мәжбүрледі. Қорқытты. Артынша, өзіміздің пәтерге бардық. Егіздер онда да болған жоқ. Мазасызданып, айқайға бастым. Ал, ол тынышталмасаң, үлкен ұлды да өлтіремін деп қоқан-лоқы көрсетті.
Осылай ағынан жарылған әйел бүгін марқұм сәбилерін еске түсіріп, жылап та алды. Сондай-ақ, Волченконың бұған дейін ұрлық үшін істі болғаны анықталды.
Ол Салауат пен Ринаттың өлімі туралы 4 күн өткенде ғана білдім деп отыр. Үлкен ұлдың қараусыз қалуына да Эмильді кінәләді. Болары болған соң, бұл екеуі өз-өздеріне қол салмақ болыпты. Бірақ, ойлары іске аспай, 12-інші қыркүйекте полицияға өз еріктерімен барған. Мұны прокурор да растады. Тек тергеу барысында ерлі-зайыптылардың бәрін бірлесе жасағаны дәлелденген.
Расул Есдәулетов, мемлекеттік айыптаушы:
- Ұлдарды өлтіру туралы ұсыныс жасаған Гильмутдинов. Волченко бұған келіскен. Сөйтіп, екеуі ойларын жүзеге асыру үшін әдейі басқа үйді жалға алады. Егіздер өлтірілгенше, әйел үлкен ұлымен қыдырып жүріпті. Ал, Эмиль бірінші Салауатты тұншықтырған. Артынша, Ринатты өлтіреді. Кейін мәйіттерді сөмкеге салып алып, пәтерден пәтерге көшіп жүрген.
Қылмыс қыркүйектің жетісінде болғанымен, тоңазтқыштағы мәйіттер 5 күннен кейін табылған болатын. Жағымсыз иісті бірінші көрші-көлем сезіпті. Ал, маскүнем екеудің көшеге тастап кеткен үлкен ұлы қазір балалар үйінде.
Оның алдағы тағдыры осі іс бойынша шешім шыққаннан кейін белгілі болады. Ал, атышулы процестің жалғасы желтоқсанның бесіне белгіленді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!