Петропавлда 103 жылдық тарихы бар екі қабатты үй құлағалы тұр
Оны баспана етіп отырған 16 отбасы үйіндінің астында қаламыз ба деп жандарын шүберекке түйіп жүр. Осыдан бес жыл бұрын ғимаратты зерттеген мамандар оны тұруға жарамсыз деген шешім шығарыпты. Алайда қала қорында жалғыз баспанасы апатты жағдайда тұрған халықты көшіретін бос пәтерлер жоқ екен.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
24.11.2017
Гүлбаршын әжей үйімнің ішінен емес, сыртынан ұяламын дейді. Оның пәтері осыдан 40 жыл бұрын негізгі ғимаратқа қосалқы ретінде салынған екен.
Гүлбаршын Бекебаева, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Құлайын деп тұр шұқысаң. Құласа кім жауап береді?
Осы үйді паналап отырған Қадірменовтар отбасы бұрын шаһар шетіндегі Заречное ышқамауданында тұрыпты. Көктемде үйлерін тасқын су басып, тұруға жарамсыз болып қалғанда қаладан іздеп жүріп тапқан пәтерлері осы.
Сәкен Қадірменов, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Үш миллионға кредит алдық. Соны төлеп жатырмыз зейнетақыдан.Қалғаны дәрі мен тамақтан ауыспайды.
1914 жылы салынған бұл үй алғашында осы маңдағы ет комбинатының жұмысшыларына жатақхана ретінде берілген екен.
Өткен ғасыр басында шаһардағы ең көрікті ғимараттардың бірі болған үйдің қазіргі сиқы адам шошырлық. Іргетасы мүлдем жоқ, қабырғаларының кірпіштері құлап, өткен-кеткенге қауіп төндіріп тұр. Осыдан бес жыл бұрын жасалған сараптама қорытындысы бойынша баспана тұруға мүлде жарамсыз деп танылыпты.
Осы сараптамадан кейін тұрғындарды қалалық әкімдік үй кезегіне қойған екен. Алайда бес жылда ол бес адамға ғана жылжыпты.
Петропавлда апатты деп танылған 18 тұрғын үйде қазір 170 адам тұрады. Шенділер оларға жуырда сүйінші хабар жеткізуіміз мүмкін деп таң қалдырды.
Дәулет Қалиасқаров, Петропавл қалалық тұрғынүй инспекциясының басшысы:
-Алдағы жылы апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындары үшін 90 пәтерлік көпқабатты баспана тұрғызылады. Қазір оның жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.
Бұл Қызылжардағы құлайын деп тұрған үйлерді паналап отырғандардың жартысынан сәл астамы ғана баспаналы болады деген сөз. Қалғандарының мұндай бақытқа қашан кенелетінін дөп басып ешкім айта алмай отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!