ШҚО-да сабақ үстінде зардап шеккен балалардың денсаулығы оңалып келеді
Шығыс Қазақстанда басына сыныптың төбесі құлап түскен үш оқушының беті бері қарап, ауруханадан шығарылды. Мектептегі оқыс оқиғадан бас сүйегі мен мойны жарақаттанған жасөспірімдер енді біраз уақыт сабаққа қатыспайды.
Автор: Аруна Ортай
24.11.2017
Себебі, дәрігерлер балалардың басына ауыртпалық түспеуі тиіс деп отыр. Денсаулықтарына қауіп төнбегенімен, ми жарақатынан айығуға уақыт керек екен. Зардап шеккендердің екеуі қыз, біреуі ұл бала. Ең ауыр соққыны да дәл осы ер бала алған. Оның ақыл-есіне алаңдаған ата-анасы баланы Ресейдегі Новосібір қаласына әрі қарай емдеуге алып кетті. Ал тура сабақ үстінде төбесі опырылған мектепте қызу тексеріс жүріп жатыр. Соның нәтижесінде, сыныпты жөндеу, не сылау мәселесі шешіледі. Ал әзірге қираған сынып жабылып, оқушылар ғимараттың басқа бөлігіне көшіріліпті. Таршылыққа тап болған оқушылар енді екі ауысыммен оқып жатыр. Ал болған жайтқа қатысты мектеп басшылығы да, жергілікті атқамінерлер де жауапқа тартылмайтын болды. Осылай деген шенеуніктер оқушылардың ата-анасына дәрі-дәрмекке кеткен ақшаны ғана өтеп беруді шешіпті.
Бақытжан Молдаханов, Шемонаихин ауданы әкімінің орынбасары:
-Балалардың емделуіне кеткен қаражаттың барлығы мемлекеттік бюджеттен материалдық көмек ретінде өтелетін болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!