Елімізде ауылдардың жартысына жуығы ауызсуға жарымай отыр
Бүгін бірлескен жиын өткізген парламенттің қос палатасы бір тамшы суға зәру жұртты жарылқай алмай отырған Үкіметті сыбап алды. Кейбір шалғай мекендердің тұрғындары тіпті лас су ішіп, түрлі аурулар көбейген. Ал, сынның астында қалған Ауылшаруашылығы минисрлігі болса мәселені түбегейлі шешу үшін тағы уақыт сұрады.
Автор: Досжан Маратұлы
24.11.2017
-Қос палата депутаттарының отырысы қайғылы жағдайдан басталды. Мәжіліске осы ауызсу мәселесін айтуға келген Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары аяқ-асты өзін нашар сезініп, дәрігерлерді шақыртуға тура келген.
Парламенттен Жақсылық Назаралыны жедел-жәрдем алып кеткенімен, ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды. Әзірге оның неден көз жұмғаны айтылған жоқ. Ал, осы кезде әріптесінің қазасынан бейхабар үкімет мүшелері мен депутаттар бірлескен жиынды бастап кетті. Сөз болған мәселе – өңірлерді тіршілік нәрімен қамту. Өйткені, қазір ауылдардың жартысына жуығы суға жарымай отыр. Әсіресе, Павлодар, Қостанай, Батыс пен Шығыс Қазақстан облыстарындағы жағдай қиын. Мұндағы мекендерде жұрт тіпті, өзен мен арықтан су ішіп жаппай ауруға шалдығып жатыр.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
-Өзен мен түрлі лас құдыққа қарап отырған ауылдың саны 70-ке жуық. Қазір осында түрлі ішек аурулары көбейген. Жергілікті билік амалын тауып таза су таппаса, арты эпидемияға ұласып кетуі мүмкін.
Сондықтан депутаттар, кір сумен күнелткен халықты қалай құтқарамыз деп Ауылшаруашылығы министрін қыспаққа алды. Ал, Асқар Мырзахметовтың айтуынша, мәселені түбегейлі шешу үшін 10 жыл уақыт қажет.Өйткені, ауыл-аймақты тіршілік нәрімен қамтуға арналған «Ауызсу», «Ақбұлақ» секілді мақтауы асырылған мемлекеттік бағдарламалар тиімсіз дейді министр. Сондықтан, бұл жүйені жойып, елді-мекендерге су жеткізу жұмысын жалғыз компанияға жүктеу керек дейді. Сонда іс шапшаңдап, бюджеттен артық шашау шықпайды екен.
Асқар Мырзахметов, ҚР Ауылшаруашылығы министрі:
-Яғни, республика бойынша бір операторды белгіледік делік. Мәселен, «Қазсушар» мекемесін белгілейтін болсақ, онда бұл мәселені 2022 жылдың аяғына дейін шешуге болады біріншіден. Екіншіден оған кететін қаржы қолданыстағы жүйеге қарағанда арзан болады.
Яғни, оператор белгіленсе, өңірлерге таза су тартып, тозығы жеткен құбырларды жөндеумен жалғыз солар айналыспақ. Ал, жұрт болса, ай сайынғы ақыны осы компанияға жинап береді деген сөз. Десе де мұндай ұсыныс депутаттарға ұнамай қалған секілді. Халық қалаулылары тарифтердің құны көтеріліп кете ме деп алаңдап отыр. Сондықтан олар жұмысты бәсекелес ортаға берген дұрыс деген пікірде.
Омархан Өксікбаев, Мәжіліс депутаты:
-Елбасы өзінің көптеген тапсырмасында айтқан. Мына мемлекеттік қызметердің барлығын бәсекелестік ортаға беруіміз керек деп. Осы сол кісінің тапрсырмасына қарама-қайшы келмей ма? Біріншіден. Екіншіден, бұл біз тағыда бір монополисті туындатып отырмыз. Олай болса бұл тағы да тарифтердің өсуіне әкелмей ма?
-Министр бұл сұраққа мүдірмей жауап берді. Суға жауапты оператор табылса, жыр болған су мәселесі бір жола шешімін табады дейді Мырзахметов. Десе де, бұл әзірге ұсыныс қана. Маңызды құжат әлі талай талқылануы тиіс.>>
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!