Маңғыстау облысында болған жантүршігерлік апатқа қатысты жаңа мәліметтер шығып жатыр
Маңғыстау облысында болған жол апатанынан зардап шеккен жолаушылардың алтауы әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Біреуінің жағдайы тіптен мүшкіл. Дәрігерлер қызды аман алып қалу үшін оның екі аяғын кесуге мәжбүр болған. Шағын автобус жүргізушісі оқиға орнында көз жұмғандықтан оқиғаның жәй-жапсарын анықтау қиынға соғатын сыңайлы. Естеріңізге салсақ, темір жол өткелінде Газель мен тепловоз соқтығысуынан 9 адам қаза тапқан болатын.
Автор: Асыл Махмет
27.11.2017
Жаңаөзен аурухасында дәрігерлер демалыс күнгі апаттан зардап шеккендердің өмірі үшін үш күннен бері күресіп жатыр. Бұл жерге Газель мен тепловоздың соқтығысынан зардап шеккен 27 адам жеткізілген. Ақ халаттылар бір әйелдің өмірі қыл үстінде тұрғанын айтуда. Оны облыстық ауруханаға тікұшақпен алып кеткен. Бүгін келіншекке ота жасалады. Қоғамдық көлікте болған тағы екі баланың жағдайы мүшкіл. Олар да санавиациямен облыстық балалар аурухасына жеткізіліпті. Қыз баланың өмірін сақтап қалу үшін Астанадан арнайы келген мамандар оның екі аяғын бірдей кесіп тастаған.
Клара Оралбаева, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Науқастардың жағдайы ауыр бірқалыпты. Балалар ауруханасындағы екі баланың жағдайы ауыр. Бір баланың жағдайы өте қиын. Дәрігерлер қолынан келгеннің бәрін жасады.
Жаңаөзен қалалық ауруханасында 24 науқастың барлығы жатыр. Оның басым бөлігі Политехникалық колледждің студеттері. Балалар сабақтан соң үйлеріне қайтып келе жатқан көрінеді. Бірақ олар мінген көлік Теңге ауылының маңындағы темір жол өткеліне жеткенде тепловозбен қақтығысқан.
Бибітгүл Есенова, зардап шеккен баланың анасы:
-Төреш Райымбек балам сабақтан келе жатқан кезде осындай апатқа түскен. Пойыз қағып кетті деп бізге хабар келді. Жаңа тігіп берді басын. Құсып жатыр әлі.
Шамадан тыс адамды тиеп алған Газель жүргізушісінің оқиға орнында жан тапсырған. Апат кезінде шағын автобуста 36 адам отырған екен. Пойыз оны шамамен 25 метрге дейін сүйреп кеткен. Тоғыз адам сол жерде қайтыс болды. Бұл оқиға бойынша Қазақстан Темір Жолы мәлімдеде жасады. Олар отарбада ешқандай ақаулық болмағанын және машинист өткелдегі газелді байқағанада шұғыл тежегішті басқанын айтуда. Тепловоз жүргізушісі дін аман. Апат бойынша прокуратура қылмыстық іс қозғап тергеуді бастап кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!