{metadescription}
Мұзафар Әлімбаев Кеңсай қорымына жерленетін болды
Мұзафар Әлімбаев Кеңсай қорымына жерленетін болды

Мұзафар Әлімбаев Кеңсай қорымына жерленетін болды

Қазақ әдебиеті мен руханияты ауыр қазаға душар болды. 95 жасқа қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті қоғам қайраткері Мұзафар Әлімбаев дүниеден озды. Cаналы ғұмырын қазақ руханиятының өсіп-өркендеуіне арнаған көрнекті қаламгермен қоштасу рәсімі сәрсенбі күні Алматыдағы Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында өтеді.

-Қазір тілін қор санап үйренген қазақтар, шын мәнісінде қазақ емес.

Тоқсаннан асса да сөзі мен ісінен жаңылмай өткен қазыналы қарияны қазақ жұрты енді сағынышпен еске алады. Алғаш қалам ұстаған сәттен ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге үлес қосқан абыз ақсақал, өле-өлгенше әдебиет алдындағы адалдығынан танбады. Сондықтан, қаламгердің артында қалған бай мұрасы мен өсиеті, кейінгі ұрпаққа жол бастайтын темірқазыққа айналатыны сөзсіз.

Мұзафар Әлімбаев, Қазақстанның Халық жазушысы:

-Оқығанды жақсы көремін. Қазіргі балалар басты ермегі емес, рухани мұқтаждығы оқу болуы керек.

Бір өзі бір дәуірдің шежіресіндей  Мұзафар Әлімбаев 1923 жылы дүние есігін ашқан. Сұрапыл соғысты бастан кешіп, үстіндегі сұр шинелін тастап, қолына қалам алған ақын 1952 жылы алғашқы кітабын шығарады. Содан бері 70 төл тума және аударма кітаптардың авторы атанды. Балаларға арналған 30-дан астам кітап жазып, қазақ балалар әдебиетінің іргетасын қалады. Әсіресе, әйгілі «Балдырған» журналы ашылған кезден 30-жылға жуық басылымның бас редакторы қызметін атқарды. Ал, ақынның ізін басқан кейінгі толқын өкілдері қазақ поэзиясын кестелі ой, тапқыр сөзімен өрге сүйреген оның кісілігі мен кішілігі, сирек кездесетін қасиет дейді.

Нұрлан Оразалин, Қазақстан Жазушылар одағаның төрағасы:

-Мұзағаң алдыңғы ағаларынан алған бай өмір сүрудің үлгілерін, кейінгі толқын інілеріне, өкше басып келе жатқандарға сіңіруге ерекше күш салатын. Ағалық, әкелік қамқорлыққа бай, ерекше қазыналы ақсақалымыздың бірі еді.

Мұзафар Әлімбаев еліміздің алғашқы әнұраны авторларының бірі. Жүз сексен әнге сөз жазып, шығармалары әлемнің 20 тіліне аударылған. Саналы ғұмырының 70 жылын  қазақ руханиятының өркендеуіне сарп еткен ақсақалдың қазасына Елбасы жедалхат жолдап, туған-туыстары мен отбасына қайғырып көңіл айтты. Әр туындысымен қазақ баласының танымын кеңейткен алып жүрек Кеңсай қорымында мәңгілікке дамыл қағады. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде