Бозымбаев солярка бағасының өсу себебін түсіндірді
Энергетика министрі дизель бағасының неліктен қымбаттап жатқанын түсіндірді. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қысқы солярка 100 пайыз Ресейден келетінден Үкімет баға саясатына араласа алмайды. Есесіне, жанармай тапшылығына жол беріп, сөгіс алған Бозымбаев жетіспеушілікті болдырмаудың жолын тауыпты.
Автор: Досжан Маратұлы
27.11.2017
-Күн суытқалы елімізде қысқы дизелге сұраныс арта бастады. Бірақ, отынның бұл түрін тұтынатын жүргізушілердің қалтасы жұқаратыны анық. Өйткені, бағасы литріне 220, тіпті кейбір өңірлерде 260 теңгеге дейін шарықтап кеткені белгілі.
Сондықтан Энергетика министрі құнның бұлайша көтерілуінің себебін түсіндіруге тырысты. Айтуынша, еліміздегі жаңғыртуы жыр болған мұнай өңдеу зауыттары қысқы дизелді өндіруге қауқарсыз. Сондықтан, Үкімет отынның бұл түрін 100 пайыз солтүстіктегі көршіден алуға мәжбүр. Сәйкесінше, бағаны да солар қояды.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
-Қыстық отынды Ресейден алып келеді импорттаушы компаниялар. Олар сол жақта сатып алады. Мына жаққа алып келгенде акциз төлейді. Сосын жол шығындары бар. Содан кейін әрбір заправка сол бағаға 10-15 теңге қосады.
Яғни, тасымалдаушылар шығынан жауып, делдалдар пайда көрген соң, баға қымбат дейді министр. Оның арзандап немесе тағы шарықтауы нарыққа байланысты. Ал, өзіміздегі зауыттар тек жазғы солярканы ғана шығарады. Десе де, өткен айда Павлодардағы мұнай өңдеу зауытында дизель өндіруге жауапты қондырғының бірі сынып қалғаны есте. Сондықтан, кәсіпорын өндірісті 5 есеге дейін азайтқандықтан, жазғы солярканың да 20-25 пайызы импорттық үлеске тиесілі. Енді осындай тапшылықтан аузы күйген Бозымбаев жетіспеушіліктің алдын алуға кірісіпті. Яғни, мұнай өнімдерін сақтайтын үлкен қор құрмақшы.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
-Сөгіс алдық. Енді іс-қимыл жасап жатырмыз. Мен ойлаймын енді қайталанбайтын шығар мұндай мәселе. Енді бензин, солярка, авиакеросин қорын құру туралы мәселе көтеріп жатырмыз. Осындай оқыс жағдай кезінде қолдана қоямыз.
Ал, әзірге жазғы да қысқы да дизель елімізде жеткілікті дейді министр. Айтуынша, кәсіпкерлер солярканы жеткілікті көлемде әкеліп жатыр. Ресейден әзірге 80 мың тонна жеткізілген. Бұл тапшылықты жоюға жетеді екен. Десе де, суық түскелі енді қысқы дизелге сұраныстың еселеп артаныны түсінікті. Сондықтан, жүргізушілер қазірдің өзінде аспандап тұрған отынның бұл түріне баға шарықтап кете ме деп алаңдап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!