Көк түтінге тұншыққан шымкенттіктер шу шығарды
Шымкент тұрғындары қаладағы кәсіпорындардың улы түтінінен тұншығып отырмыз деп шағымдануда. Өнеркәсіп аумағына көршілес тұрған жұртты сол жердегі әліпмай өндіретін цехтан шыққан түтін 15 жылдан бері улап отырған көрінеді. Түнімен жұмыс істеп, салдарынан жақын маңдағы мыңдаған тұрғындарды жаппай ауру қылып жатыр дейді. Бірақ тексерумен келетін мамандар ауызбастырық алып, бәрі жақсы деп кетіп қалады екен. Жан-жаққа жаза-жаза шаршадық деген тұрғындар енді мұны кімге айтарын білмей дал болып отыр.
Автор: Бек Әбиев
28.11.2017
Ұзын-сонар өндіріс орнын жағалай қоныстанған жұрттан соңғы 15 жылдан бері маза кеткен. Қатар тұрған ондаған кәсіпорын арасынан мұндағы көпшілік әліпмай өндіретін «Олакс» мекемесіне шүйлігіп отыр. Өндірістік май шығаратын мекеме күні бойы тыншып, түні бойы жұмыс істейді екен. Тіпті, одан шыққан улы түтіннен мұндағы жұрт жаппай уланып жатқан көрінеді.
-Қап-қара түтін шығады да, оталып болғаннан кейін түтін кетеді ғой, бірақ иіс содан кейін басталады. Таңғы 5-5 жарымға дейін. Енді біз химиялық бомба жарылған жерде тұрып жатқан жоқпыз ғой.
Қонақ келсе тұншыққаннан түнемей кетіп ұятты боп жүрміз деген жұрт тыныш тынығудан қалыпты. СЭС-тен бастап, әкімдікке де сан мәрте жазғанымен ондағылар тексеріп келіп, ешқандай зиянды нәрсе жоқ деп қорытынды шығарады екен. Тексерушілердің өндіріс орындарынан ауызбастырық алып, оңды нәтиже шығарып жүргеніне өкпелі тұрғындар енді кімге жазарын да білмейді.
Бақтығали Матжан, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Олакс олифпаралон шығарады. Арқасында тағы мекемелер бар. 15 жылдан бері бірде-бір мекеме, әкімдік, сэс тексерген емес. Мектептің қасында тұрған зауыттар не үшін жұмыс істейді?
Ал жұрт кінәләп жатқан «Олакс» компаниясының басшылары өдірістің тоқтап тұрғанына 4 ай болғанын айтады. Бірнеше тұрғынның өзіне қасарысып, арыз боратқанынан жалықтым деген ол тек кәсіпорынның өзіне кіргізуден бас тартты.
Сергей Плохов, «Олакс» ЖШС директоры:
-Осы маңда тұратын бірнеше кісі бар. Менің кәсіпорынымның үстінен арызды 2002 жылдан бері бізді жазып, тексертумен келеді. Соңғы мәрте ауа құрамын СЭС мамандары бір апта бұрын ғана тексерді. Ешқашан зиянды заттар шығарылған емес. Оның үстіне тоқтап тұрғанымызға да төрт ай болды. Толастамайтын тексерістен де әбден мезі болдық.
Өндіріс аймағында тұратын жұрттың арызы әкімдікке жеткен. Алайда шенеуніктер шағым оншақты кәсіпорын ішінен бір ғана мекеме, яғни әлгі әліпмай шығаратын өндіріс орнына қатысты түсті дейді. Мамандар неше рет тексеріп, кілтипан таппаған соң ешқандай жазаның да болуы мүмкін емес деп отыр. Бірақ шымкенттік шекпенділерге сенбейміз деген тұрғындар мәселеге республикалық деңгейдегі құзырлы органдардың араласуын сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!