Алматы облысында саудагерлерді тақырға отырғызғандар бостандықта тайраңдап жүр
Қыруар шығынға батырған ұрылар жазалансын! Алматы облысындағы қоймалардың бірінде 45 млн теңгенің тауарын қолды қылғандар әлі бостандықта жүр. Бір жарым жыл бұрын басталған тергеу сотқа жетпек түгілі, әлі аяқталмаған да. Қойма басшысы қақпаған есігі қалмағанын айтып ашынады. Істі созбаққа салған тергеушілердің бүгінге дейін екеуі тәртіптік жазаға да тартылған екен. Дәлел мен күдіктісі бар істің сотқа бармауының сырын прокурорлар да анықтауға кіріскен.
Автор: Асқарбек Қазанғап
28.11.2017
Қожайын сеніміне кірген қоймадағы бұл қызметкерлер бір қарағанда тауарды түсіріп, тасып жатқандай көрінеді. Ал, шын мәнінде жымысқы ойды жүзеге асыруға бәрі де жұдырықтай жұмылған. Былықтары былтыр ғана белгілі болды. Үш айдың ішінде 60 тонна тауарды қолды қылған. Келген шығын шаш-етектен. 45 млн теңге. Айыптарын бақылау камерасындағы жазба айғақтайды. Оған қоса сырттағы көлікке жүк тиегендері де таспаға түскен. Тек осынша айғаққа қарамастан, ірі көлемдегі ұрлық бойынша қозғалған іс түлкі бұлаңға салынып келеді.
Михаил Шамаков компания директоры:
-Тауарды түсіру кезінде біздің қызметкерлер экспедиторлармен келісіп, мөлшерден тыс тауарды алып қалып отырған. Бұл істе бірнеше адамның қатысы бар. Бейнекамерада кімнің ұрлыққа барғаны анық көрінеді. Бірақ, қандай себептермен екені белгісіз, полиция әлі күнге істі сотқа жібермей созып келеді.
Қоймадағыы ұрлықтың қорлығын қазіргі қызметкерлер көріп отыр. Орны үңірейген шығынның толмауы жалақының кешігіп берілуіне де себеп. Сонымен қатар, жұмыс та қалыпты соқпағынан шығып қалған.
Іле аудандық Ішкі істер бөліміне осы істің мән-жайын түсіндіру үшін арнайы хат та жолдадық. Бірақ, олар ресми жауап беруден бұрын табалдырықтарынан аттатпай, бізден құтылғанша асықты.
Бармақ басты, көз қыстыға салынған бұл істің бөлімшеде сүрленіп жатқанынан жылдан асты. Іске прокуратура өкілдері де араласқан. Тек сағызша созып өз міндетін атқармаған осы істегі екі тергеуші тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.
Асхат Жақсыбаев Іле аудандық прокуратурасының аға прокуроры:
-Қылмыстық істер бойынша 4-5 тергеуші ауысып кетті. Ол бір себеп болды. Және де сот сараптамалары тағайындалған. Соларды күтіп қазіргі уақытта осы қылмыстық істер прокуратурамен сұратылып, олар бойынша нұсқау берілді.
Бір жарым жыл бойы өгіз аяңға салынған тергеудің жақын арада нүктесі қойылуы тиіс. Прокуратура өкілдері олқылық орнын толтырып, бір айдың ішінде істің сотқа жолдананатынын жеткізді. Ал, қыруар шығынға батқан компания өкілдері бұл құзырлы органдардың кезекті уәдесі болса, онда Бас прокуратурға шағымданамыз деп бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!