{metadescription}
Қарағанды облысында зейнетке шыққан ұстаздар қайта мектептерге шақыртылып жатыр
Қарағанды облысында зейнетке шыққан ұстаздар қайта мектептерге шақыртылып жатыр

Қарағанды облысында зейнетке шыққан ұстаздар қайта мектептерге шақыртылып жатыр

Қарағанды облысында мектеп мұғалімдерінің жетіспеуіне байланысты зейнетке шыққан ұстаздар жұмысқа жаппай қайта алынып жатыр. Былтырдан бері мыңнан аса зейнеткер мұғалім білім ошағына қайта оралған. Өйткені жұмысы шаш етектен болғанымен, жалақысы мардымсыз қызметтен жастар ат тонын ала қашады екен. Шенеуніктер жас мамандарға жағдайдың жасалып жатқанын жарыса айтқандарымен, осы мәселенің өткірлене түскенін мойындап отыр.

Гүлнар Мәмежанова №38 гимназияда 1986 жылдан бері бала оқытып келген. Былтыр зейнеткерлікке шығып, арқасын кеңге салғаны сол екен, мектеп директоры оралыңыз деп жата жалыныпты. Себеп – маман тапшылығы. Оның айтуынша, еңбек өтілі мен зейнетақысы бар ол қаражаттан кенде қалмайды. Ал мектепке жаңа келген жас ұстаздың күні қараң. Бітпейтін құжат толтырып, есеп жазумен таңның атысынан – қас қарайғанша мектепте қамалатын жастарға жаным ашиды дейді.

Гүлнар Мәмежанова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

-Мен ойлағам немерелеріммен отырам, балаларға қараймын деп. Бірақ еңбегімді бағалап директорымыз мектепке қайта шақырды. Қазақстанның бүкіл мектептеріне жастар келмейді. Өйткені аз төлейді. Оның үстіне, мектепте қазір жұмыс істеу өте қиын жастарға. Олар шыдамай жұмыстан кетеді.

Ал химия пәнінің мұғалімі Еркеназ Жортарова үш тілді жетік меңгерген. Бір жылдан бері мұғалімнің аз ғана жалақысына күн көріп жүргенін күрсіне айтады. Сондықтан білім ошағында бұдан әрі қалуға құлқым жоқ дейді.

Еркеназ Жортарова, химия пәнінің мұғалімі:

-52-54 мың теңге. Әрине, бұл үлкен қалада тұру үшін аз қаражат. Қаншалықты жұмыстың ауқымы көп болғанымен, жалақы ауқымы өзгеріссіз қала береді. Егер жоғары болған жағдайда, мүмкін, мектепке жас мамандардың талпынысы үлкен болар деп ойлаймын.

Жас ұстаздардың айтуынша, өздерімен қатар оқығандардың басым бөлігі басқа салаларда еңбек етеді. Тіпті, қас жасап, тырнақ бояп-ақ  жас ұстаздан жағдайы көш ілгері жүргендері бар екен. Ал білім басқармасындағылардың жастарды еңбексүйгіштікке шақырудан басқа амалдары қалмағандай.

Жанат Жұмагелдина, Қарағанды облыстық білім басқармасы мамандармен жұмыс бөлімінің басшысы:

-Педогогикалық мамандықты сүйетін мамандар керек деп ойлаймын мектепке. Сол мамандықты алдына қойып, жақсы ұстаз болам деген адам өз мақсатына жетуі керек. Зейнеткердлердің азаюы мектепке жас мұғалімдердің келуіне байланысты.

Алайда шайлыққа жетпейтін айлықпен жастарды мектепке байлап ұстай алмайтындарын да мойындайды.

Білім басқармасындағылар жас мамандардың жағдайын жақсарту туралы ұсыныстарды Астанаға жыл сайын жолдап жүргендерін айтады. Бірақ әзірге өзгерген дүние жоқ. Керісінше, бала оқытудан безіп жатқан жастар көп. Ал зейнеткер атаулыны көзі көрмей қалғанша мектепте ұстау да меселенің шешімі емес. Сондықтан ұстаздар қауымы үкіметтен бұл мәселені жан-жақты зерттеп, нақты шешім қабылдауды сұрайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде