Сағынтаев «Арселор Миттал Теміртауды» тексеруді талап етті
Үкімет «АрселорМитталТеміртау» кәсіпорнында өлім-жітімінің көбейгеніне алаңдаулы. Премьер-министр жауапты шенеуніктер мен кәсіподаққа компания ішіндегі жағдайды жіті тексеруді тапсырды.
Автор: Азамат Алдоңғаров
28.11.2017
Себебі өндірісте жұмысшылардың жарақаттануы мен қаза болуы тым жоғары. Компания өз есептерінде қондырғылардың қауіпсіздігін арттыру үшін миллиардтап ақша салып жатқанын баяндайды. Алайда, қыруар инвестиция нәтиже бермей тұр. Қайғылы оқиғалар жыл сайын қайталанады. Соңғы рет тамыз айында 6 адам жарақаттанып, оның үшеуі ауруханада қайтыс болған. Бүгінгі Үкімет отырысында компания өкілдері жұмысшылар сақтанбайды деп бар кінәні шахтерларға жапты. Алайда тергеу қортындылары керісінше сөйлейді. Арнайы комиссия жұмыс берушінің қателігін анықтаған. Десе де, премьер бүгін компания басшыларына бірінші кезекте кеншілермен жұмыс жүргізіңдер деп тапсырма берді. Ал компанияларды мемлекеттік органдар өздері тексермек.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
– Бізге өндіріс қауіпсіздігіне ақша құямыз деп есеп бердіңіздер! Тиісті жұмысты бастау үшін 2025 жылды күтпеңдер. Өлім көрсеткіштері жыл санап өзгермей отыр. Меніңше тиісті министрлік пен кәсіподақтар АрселорМитталдағы жағдайға назар аударулары тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!