Әкім бол, халқыңа жақын бол
Петропавлда шенеуніктер арызын арқалап келген халықты кабинеттерінде емес, «ашық есік» күні аясында облыстық театрдың фойесінде қабылдады. Оған келушілердің қарасы қалың болғаны сонша, ұзын-сонар кезекке тұрды.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
29.11.2017
Өз түйткілдерін айту үшін театрға қарай ағылған жұрт сағат онда басталып түске дейін өтетін шараға таңғы жетіден келіп алыпты. Алғашқылары кіріп үлгергенімен, қалған қараша шағымымызды жеткізіп үлгермейміз бе деп қорықты. Көбі егде жастағылар. Олардың қобалжығандары сонша, тіпті кейбірі осында арнайы келген дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Театр фойесінің төріне облыс әкімінің өзі жайғасыпты. Ең көп кісі қабылдаған да сол. Халықты негізінен баспана, коммуналдық қызмет, балабақша кезегі мен білім беру және медициналық қызмет сапасы толғандырады екен. Аграрлық өңір болғандықтан жер мәселесі де назардан тыс қалмады. Халық енді серіктестік басшылары жерді банкке кепілдікке қойып, несие алуды доғарсын дейді. Заңның осы солқылдақ тұсының кесірінен қазір ауыл жұрты жаппай пайларынан айырылып жатыр екен.
Қайырлы Омар, «Жер тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
-Бұның бәрін заңды түрде тоқтату керек. Мораторийге қарамастан жерді сатуға, айырылуға мүмкіндік болып жатыр. Біреудің қолында, ұстағанның қолында , тістегеннің аузында кетіп жатыр. Ол біз елден айырылған деген жағдай.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!