Алматы жұрты Мұзафар Әлімбаевпен қоштасты
Бүгін қазақ жұрты көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевты ақтық сапарға шығарып салды. 95 жасқа қараған шағында дүние салған абыз ақсақал Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді. Ал, қаралы жиында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек марқұмның туған-туысқандарына президент жолдаған көңіл айту хатын оқыды.
Автор: Мақсат Мәлік
29.11.2017
Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:
-Мұзафар ағаның есімі мен еңбегін халқымыз ешқашан ұмытпайды деп ойлаймын. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Сұрапыл соғыстан оралғаннан кейін, бар ғұмырын қазақ руханиятының көкжиегін кеңейтуге арнаған ақын түрлі жанрда қалам тербеді. Тоқсаннан асқанша жазуын тоқтатпаған қаламгер 70 төл тума және аударма кітаптардың авторы атанды. Қазақ балалар әдебиетінің керегесін нықтап, бір дәуірдің шежіресіне айналған Мұзафар Әлімбаевтың нақыл сөздері де, сөз өнерінің асыл қазынасы саналды. Тіпті, сөз зергері 1958 жылы «Балдырған» журналы ашылған сәттен 30 жылға жуық басылымның бас редакторы қызметін атқарды. Халықтың жүрегінен орын алған бірнеше әнге сөз жазып, шығармалары әлемнің 20 тіліне аударылған. Әрі еліміздің алғашқы әнұраны авторларының бірі.
Софы Сматаев, жазушы:
-Мұзағаңның орны еш уақытта да толмайды. Мұзағаң қазақ бар кезде, қазақтың тілі, қазақтың сөзі бар кезде ешқашан ұмытылмайды. Өйткені, сол қазақтың тіліне қызмет еткен, қазақтың сөзін жандандырып, одан әрі көркемдеткен азамат болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!