Шымкентте порно видеоның кейіпкері атанған діндардың қызметіне қайта оралуы үлкен дауға ұласты
Шымкентте жыныстық қатынас түсірілген видеоның кейіпкері аталып, соның кесірінен қызметінен айырылған діндар-шенеуніктің орнына қайта келуі қып-қызыл дау тудырды. Бұл бейнежазба биыл мамырда әлеуметтік желілерге тараған еді. Осы масқарадан соң іле-шала Оңтүстік Қазақстан облыстық Дін мәселелерін зерттеу орталығының директорлығынан өз еркімен кеткен Нұржан Тұрсынбай 6 айдан кейін сот шешімі арқылы сол қызметіне қайта тағайындалды. Алайда оны ұжымдағылардың көргісі келмейтін болып шықты.
Автор: Бек Әбиев
29.11.2017
Облыстағы дін мәселелерін талдап, экстремизмге қарсы жұмыс істеуі тиіс орталықтың өзінде енді жанжал шығып жатыр. Жарты жыл бұрын қызметінен кетіп, енді қайта келген теолог Нұржан Тұрсынбайға өз ұжымы түгелдей қарсылық танытты. Дінтанушылар одан мұның алдында басшы болып тұрған шағында да көресіні көргенбіз дейді. Яғни Нұржан Тұрсынбай діндар бола тұра кадрлық бизнестің көркін қыздырған көрінеді.
Ғазиз Аппазов, дінтанушы:
-Өз орныңда қалатын болсаң маған 200 мың бересің деді. Сен бөлім басшысының лауазымына отыратын болсаң, мәліметтердің бәрін жеткізіп, отырасың дегендей қылды.
Ол түрлі шарт та қойып, күн көрсетпей келді деген дінтанушылардың бүгін бұрынғы басшы Нұржан Тұрсынбайды қайта көргенде төбе шаштары тік тұрды. Директорды бұрынғы орынан алып келген облыстық дін істері басқармасы өкілінің көзінше жаппай қарсы шыққан ұжым ол кетсін деп шорт кесті.
Белгілі дінтанушы, Діни басқарманың Семей өңірі бойынша өкіл имамы болған Нұржан Тұрсынбайға қатысты шу биыл мамыр айының аяғында шыққан еді. Оған ұқсас азаматтың жыныстық қатынасқа түсіп жатқан видеосы әлеуметтік желілерге таралған. Осыдан соң бір күннен кейін өз еркімен жұмыстан кеткен ол жарты жыл видеодағы өзге еркек екеніне дәлел іздеген. Соны тауып, сот арқылы ақталыпты. Енді қызметіне қайта келіп отыр. Ал ұжымның бұған қарсы болғанын шенеунік жұмыстағы қаталдығымен түсіндіреді. Өзінің сүттен ақ, судан таза екенін айтқан ескі де жаңа басшы орнымнан енді кетпеймін деп отыр.
Нұржан Тұрсынбай, ОҚО «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ директоры:
-Біздің қоғамда жақсы-жақсы мамандар бар. Тек қана осындай арандатушылармен ғана орталық тоқтап қалмайды. Орталықтың жұмысы. Менімен жұмыс жасай алмаймын деген адамдар болатын болса, ашық айта аламын есік ашық. Ал, ертең орындарына одан жақсы адам болмаса одан төмен адамды әкелмеймін.
Алдында 5 жылдай істеген қызметіне алты ай үзіліс алып қайта келген директор енді ұжымдастарымен соттаспақшы. Айтуынша, қоластындағылар шыншыл басшыны көргісі келмейді. Ал дінтанушылар өз кезегінде басшыға қатысты бүгіннен қалмай Прокуратура мен облыс әкіміне шағым түсірмекші. Яғни, берекесі кеткен орталықтың енді өз жұмысымен емес, өзара қырқысумен айналысатын түрі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!